Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы әзірлеуді тапсырып, ол бойынша биылғы жылдың маусым айының 5 күні республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Қазіргі кезде Ата заңға енетін түзетулерді халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында қоғамдық штабтар құрылып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.
Конституцияға енетін түзетулер Ата Заңның нақты баптары мен тармақтары көрсетілген бірнеше бөлікке бөлінген және бәрі өзара байланысты және бір мақсатты көздейді.
Атап айтқанда, мынадай үдерістерге құқықтық негіз қалыптастыруға арналған:
1. Суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу;
2. Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу;
3. Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру;
4. Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту;
5. Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру.
Сенаттағы Президент квотасының саны 15-тен 10 депутатқа дейін азаяды. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады (Конституцияның 50-бабы 2-тармағының жаңа редакциясы).
Сенаттың өкілеттігі бірқатар құқықтармен толығады. Атап айтқанда, Сенат Президент енгізетін Конституциялық Соттың және Жоғары Сот Кеңесінің төрағалары лауазымына кандидаттарды келісу құқығына ие болады (Конституцияның 44-бабы 4) тармақшасының, 55-бабы 2) тармақшасының және 82-бабы 4-тармағының жаңа редакциясы).
Жалпы, Конституциялық Сот (қазіргі Конституциялық Кеңестің орнына) құру арқылы конституциялық бақылау жасау институты жаңғыртылады.
Конституциялық Сот 11 судьядан тұрады (қазіргі Конституциялық Кеңестің 7 мүшесі бар).
Конституциялық Соттың құрамы мынадай тәсілмен жасақталады: 6 судьяны Парламент (Мәжіліс пен Сенаттың әрқайсысы 3 судьядан), 4 судьяны Президент тағайындайды. Конституциялық Соттың төрағасын жоғарыда айтылғандай Сенаттың келісімімен Президент тағайындайды (Конституцияның 57-бабы 1) тармақшасының, 58-бабы 3-тармағы 7-тармақшасының және 71-бабының жаңа
редакциясы).
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып өзгереді. Оның төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттарының алдында есеп береді (Конституцияның 53-бабы 2) тармақшасының жаңа редакциясы, 56-бабы 1-тармағындағы 3-1) жаңа тармақшасы).
«Мемлекеттік хатшы» институты «Мемлекеттік кеңесші» институты болып өзгереді (Конституцияның 44-бабы 19-тармақшасының жаңа редакциясы). Ол Мемлекет басшысына ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеумен айналысады.
Төлеби аудандық Мәслихат депутаты, ”AMANAT”партиясының фракция мүшесі М. Ермаханбетова.