«kaspi.kz қосымшасынан «социальный счет» аштырсаң, мемлекет тарапынан көмек беріледі. Балалар жылына орай 18-ге толмаған көп балалы отбасыларға 192 мың теңге түседі»,- деген аудио әлеуметтік желіде желдей есіп жүр.
«1,2,3 баласы барларға 116 мың теңге, 4,6,7 баласы барларға 196 мың теңге біржолғы жәрдем ақша ала аласыздар»,- делінген аудиода.
Бұдан бөлек, «1 маусым — балалар күніне байланысты 3 баласы балаларға 166 мың теңге түседі», — деген тағы бір аудио тарап кеткен әлеуметтік желі қолданушыларының арасында.
masa24.kz сайтының редакторы Камила Мәулен бірреттік әлеуметтік төлем туралы жауапты мамандардан сұрап көрді.
«Мемлекет тарапынан қандай да бір көмек түрлері қарастырылған жағдайда ресми түрде жариялайтын едік. Әзірге, 1 маусым — балалар күніне де, балалар жылына да бірреттік төлем берілетіні туралы айтылмады. Сондықтан, әлеуметтік желіде тараған бұл ақпаратқа сенбеңіздер», — дейді Түркістан қалалық «Халықты жұмыспен қамту орталығының» директоры Ақмарал Жолаева.
Сондай-ақ, бұл ақпаратты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де жалған екенін растайды. Министрліктегі мамандар, азаматтарды жалған ақпаратқа сенбеуге, сонымен қатар, мәліметтерді тек ресми дереккөздерінен пайдалануға шақырады.