Еңбекші ауданына қарасты Күншығыс және Теріскей мөлтек ауданының тұрғындары Шымкенттің бас полицейі Қайрат Сұлтанбайұлы Дәлбековтің тұрғындарға есеп беру кездесуіне қатысып, өз ұсыныстары мен талап-тілектерін жеткізген. Мәселен, тұрғындар өздерінің үй ауласы тар және жеке көлік иелерінің көліктерді ретсіз қойып, қажет кезде жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметкерлерінің өтуіне кедергі жасап жатқандығы жайында айтқан. Осы ретте полицейлер тарапынан түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ретке келтіруін сұраған.
Аталған жайтты негізге ала отырып, Полиция департаменті бастығының тапсырмасы бойынша Еңбекші ауданы Полиция басқармасының №42 учаскелік полиция пунктінің қызметкерлері сол аумақта бақылауды күшейтіп, рейдтік түсіндіру жүргізді. Көше бойын жауып, көліктерін ретсіз қойған жүргізушілерге ескерту беріп, профилактикалық жұмыстар атқарды.
Айта өтетін ақпарат, сақшылар аудандағы ахуалды тұрақты бақылауда ұстап, қылмыстарды тез ашу және заң бұзушыларды құрықтау ісінде нәтижелі еңбек етіп келеді. Сәйкесінше қырағы құқық қорғаушыларға деген тұрғындар алғысы ерекше. Сондай-ақ, қоғамдық қауіпсіздікті сақтап, тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында күн сайынғы қызметтерімен қатар апта сайын «Бір нүктелік» шараларын жүргізіп отырады. Яғни, Полиция департаменті бастығының нұсқауымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысты алдын алу мақсатында әр аптаның жұма, сенбі және жексенбі күндері рейдтік шаралар өткізіледі.
Өз кезегінде аудан тұрғындары: «Біздің мәселемізді елеусіз қалдырмай дер кезінде әрекет еткен тәртіп сақшыларға алғыс айтамыз. Күнделікті учаскелік полиция инспекторларының жұмысын көріп отырмыз, тыныш ұйқымыздың кепілі болып отыр. Десе де кей тұрғындар қоғамдық тәртіпті сақтамай, басқа адамдарды құрметтемей жүреді. Міне осындайда полицейлердің көмегіне жүгінеміз. Олар біздің талап-тілегімізге бей-жай қарамайды. Әркез көмектесіп отырады. Қиын да күрделі жұмыстарына жеміс тілейміз. Отан қорғаушылар және Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз»,-деді.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі