Бүгін «AMANAT» партиясы қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Бектаева Жанар Әлібекқызының төрағалығымен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумды қолдау үшін Шымкент қалалық партиялық штабының алғашқы жиыны өтті.
Жиынға қалалық мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, қалалық Атқарушы хатшының орынбасары, фракция жетекшісі Б.Тулегенов, қалалық Атқарушы хатшының орынбасары М.Қалмұратов, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен спорт қайраткерлері, жастар қанаты мен партия қызметкерлері қатысты.
— «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынды. Соңғы Жолдауда Президенттің саяси реформаларды жариялап, билік институттары арасындағы конституциялық құрылымды жетілдіруге мүдделі екенін танытты. Өзгеріс аз емес, соның бірі — Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан қуатты Парламенті бар президенттік республикаға ауысады. Парламент палаталарының рөлі күшейіп, мәртебесі артады. Реформалардан соң халық ел басқаруға қатысады. Яғни, қоғам өз өкілдері арқылы маңызды шешімдерге араласады. Осыншалық ауқымды реформаларды заңмен бекіту үшін бізге референдум қажет. Себебі бұл тек Президент не Парламент шешетін мәселе емес, бұл — бүкілхалықтық деңгейдегі міндет», — деді Ж.Бектаева.
Жиын барысында республикалық штабтың келісімімен қалалық желілік кесте қабылданып, бекітілді. Негізгі іс-шараларды елді мекендерде, өндіріс орындарында, азаматтар көп шоғырланатын демалыс орындарында өткізу жоспарланып отыр. Үйме-үй аралап, шағын кездесулерге көп мән берілетін болады. Әрбір қала тұрғындарына өзгерістердің маңызы мен мақсатын жеткізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылады. Сонымен қатар, филиал штабында азаматтарды қабылдайтын қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Келіп түскен ұсыныстар мен тілектерді талдау негізінде қоғамдық пікір қадағаланып, азаматтардың ұсыныстары республикалық штабқа жеткізіледі.