Нұр-Сұлтан мектептерінің бірінде ата-аналармен өткен кездесу барысында белгілі этнограф, «Қазақ тілі» халықаралық қауымдастығының мүшесі, журналист Серік Ерғали «Неліктен балаларыңызды орыс сыныбына оқуға бересіздер?» деген сауа қойып, үш дәлел келтіруді сұрады.
«Орыс тілінің қазақ тілімен бір деңгейде қолданылуына біз кінәлі емеспіз», – деді кездесу қатысушыларының бірі.
«Менің балама ауыр болады, қазақ тілді балабақшаға барғанбыз, балама қиынға соғады», – деп қосты тағы бір ата-ана.
«Балаға қиынға соғып, білім деңгейі төмендеп кетеді», – дейді үшінші ата-ана.
Тағы бір ата-ана баланы қоршаған адамдардың барлығы орысша сөйлейтінін алға тартты.
«Барлықтарыңыздікі дұрыс. Сіз және балаларыңыз 30 жыл бойы жалғасқан олқылықпен бетпе-бет келдіңіздер. Сіздер бұл мәселенің шешілуне араласқыларыңыз келмейді. Сіздер дайын шешімге жүгіресіздер. Ақша бар. Пәтер алдыңыздар. Ал енді бес жылдан кейін, бес айдан кейін не болатынын елестетіп көріңіздер. Біз қайда бара жатырмыз? Енді мен жауап берейін. Тоқаев үлкен мәселені көтерді, желтоқсанда «Қазақ тілі» ұйымы жиналып, халықпен бірге жұмыс істеп жатыр. Біз бұл мәселені шешуіміз керек. Кім екенімізді анықтауымыз керек: қазақпыз ба әлде басқа біреуміз бе. Қазір қазақ болғысы келетін орыстар бар. Өздерін қазақпыз, руымыз «орыс» дейді», – деп мәлімдеді Серік Ерғали.
Ол балабақшада қазақ тілін тереңдетіп үйретуге бағытталған бағдарлама туралы айтып өтті. Сөзінше, ұйым бағдарламаны Білім және ғылым министрлігіне ұсынбақшы. Сонымен қатар ешкімнің құқығы аяқ асты болмайтынын да қосып өтті.
«Мен қазір сзідерге қазақ тілінде сөйлеп тұрмын, ал сіздер орыс тілінде жауап бердіңіздер. Мен сіздерден қазақ тілінде сөйлеуді талап еткен жоқпын, бір-бірімізді түсініп тұрмыз», – деп түсіндірді этнограф.
Дау барысында ата-аналар Отанын жақсы көретінін, қазақ тілін дамытуға қатысты идеяны қолдайтынын айтты.
«Сіздер орыс тілінде сөйлеу арқылы өздеріңізді орыс әлеміне жақындатасыздар», – дейді Серік Ерғали.
«Көптеген белгілі тұлғалар қазақ тілінде де, орыс тілінде де сөлеген. Олар бұдан кем болып қалған жоқ», – деді ата-аналардың бірі.
«Дұрыс, кем болған жоқ, бірақ сіздің балаңыз қазақ тілінде сөйлемейді», – деп жауап қатты Ерғали.
Кездесуге қатысқан Мәжіліс депутаты Аманжол Алтаев белгілі тұлғалардың, соның ішінде «Алаш» қозғалысының мүшелері де алдымен қазақ мектебінде білім алып, кейін ғана орыс тілін меңгергенін айтты. Әрі олар орыс тілінде этникалық орыстардан да сауатты сөйлегенін алға тартты.
«Бізге парламентке вице-министрлер, комитет төрағалары, министрлер есеп тапсыруға келеді. Олардың не нәрсеге өкінетінін білесіздер ме? Олар біздің алдымызда қазақ тілінде еркін сөйлеп, мәлімдеме жасай алмайды, ойларын жеткізе алмайды. Енді міне сіздер балаларыңызды орыс сыныбына бергілеріңіз келеді. Уақыт тез өтеді және сіздің де балаңыздың осындай министр немесе шенді азамат болмайтынына кім кепіл. Сол кезде балаңыз «Анашым, мені неге қазақ мектебінде оқытпадыңыз?» деп сұрайтын болады», – деп қосты депутат.
Депутат тілсіз мемлекет болмайтынын баса айтты.
«Егер АҚШ-қа барсаңыз, сізден алдымен ағылшын тілінде сөйлеуді талап етеді, Францияда міндетті түрде французша, Германияда немісше сөйлеуіңіз керек. Мысал етіп алған барлық елдерде өзге мемлекеттен келген азаматтар азаматтық алғысы келсе, ресми мемлекеттік тілді білуі талап етіледі», — дейді Алтаев.