Бүгін Түркістан қаласындағы ақпараттық-коммуникация алаңында Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков ауданда 2021 жылы атқарылған жұмыстар және биылғы жоспарлар бойынша брифинг өткізді.
Аудан әкімінің баяндауынша, 2021 жылғы жалпы өңірлік өнім көлемі 196,8 млрд.теңгеге жеткен. Ал биылғы жылы жалпы өнімді 214 млрд.теңгеге, яғни өсімді 8,7 % жеткізу жоспарда.
Жалпы өнімнің 56%-ы ауыл шаруашылығының үлесінде болып, 110 млрд теңгеге өнім өндірілді. Ал биылғы жоспарымыз 120 млрд.теңгеге жеткізу, өсім 9 %.
— Өткен жылы жаңадан 101 гектарға тамшылатып суғару жүйесі ендірілді. Жылына 2 өнім алу жобасы аясында бірінші айналымда 275 га жерден 5,4 мың тонна өнім, екінші айналымда көлемі 260 га жерден 6 мың тонна өнім алынды. Ауданда жұмыс істейтін 67 кәсіпорын тарапынан 38,1 млрд теңгеге өнім өндіріп, өсім 4,8 млрд.теңгеге жеткен. Ал биылғы жылға өнім көлемін 43,5 млрд теңгеге (14%) жеткізу жоспарлануда, — деді Ұласбек Сәдібекұлы.
Сондай-ақ 2021 жылы 27,7 млрд.теңгеге инвестиция тартылған, биыл 39 млрд.теңгеге жеткізу межеленуде.
Жеке инвестициялар есебінен аудан экономикасының дамуына үлес қосатын негізгі 4 жоба іске асып, 70 жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ, «AYKAN» ЖШС құрғақ сүт өндіру, «CaPable Group мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің балалар мен ересектерге арналған «Жөргектер мен сулықтар» жобасы, «Elit Story M&A» ЖШС асфальт бетонды қоспа шығаратын жобалар іске асты. Өндірістік әлеуетті дамыту мақсатында биыл құны 7,4 млрд теңгелік 2 жоба іске қосылады. Олар: «Зәуре» ШҚ жылыжай жобасы (2,1 млрд. тң.) мен «Бексұлтан 112» ЖШС-нің 21 мың бас малға арналған бордақылау кешені (5,3 млрд. тң.) іске асырылады.
Жұмыс істеп тұрған 15800 кәсіпкерлік субъектілерімен 127,6 млрд.теңгеге өнім өндірілген. 24 мың адам жұмыспен қамтылған.
Субъектілер саны 455 бірлікке, өнім көлемі 37 млрд.теңгеге артты. Шағын кәсіпкерлікте өнім көлемін биыл 146,7 млрд.теңгеге (15 %) жеткізу жоспарда.