2022 жылдың ең айында елімізде 16,8 млрд теңгенің қағаз және қағаз өнімдері шығарылды.
Energyprom.kz сайтының мәліметінше, бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы көлемнен 23 пайызға көп. Дегенмен, өнеркәсіптік өндіріс индексі 99,4 пайызды құрап, секторда нақты шығарылған өнім көлемінің қысқарғанын көрсетіп отыр. Өңірлер арасында қағаз және қағаз өнімдерінің басым бөлігі Алматы облысында (6,4 млрд теңге), Алматы қаласында (5,2 млрд теңге) және Шығыс қазақстан облысында (1,6 млрд теңге) шығарылған.
Жалпы Қазақстанның қағаз және қағаз бұйымдары секторы импортқа тәуелді. Айталық, осы жылдың қаңтарында жергілікті компаниялар ішкі нарықтың дәптерге сұранысын 69,8 пайызға ғана қамтып отыр. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 88,2 пайыз болған еді. Оның үстіне сулық, майлық, жаялық, тампон сынды санитарлық-гигиеналық тауарлардың 96,4 пайыз шет елдерден жеткізіледі.
Қағаз немесе картоннан корреспонденцияға арналған өнімдер, хатқалта, ашық хат, сонымен қатар қағаздан жасалған қорап, сөмке, қойындәптер сынды өнімдердің 45,4 пайызын отандық компаниялар қамтамасыз етіп отыр. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш небәрі 28,7 пайыз болды.
Қазақстан компаниялары ішкі нарықта тұтынылатын дәретхана қағазының, орамалдың, сулық пен майлықтың 70,9 пайызын өндіреді. Айта кетерлігі, осы жылдың наурыз айының қорытындысында дәретхана қағазы жыл ішінде 11,3 пайызға қымбаттады. Өңірлер арасында Атырау облысында дәретхана қағазы бірден 31,5 пайызға қымбаттап отыр. Одан кейінгі орында елорда (плюс 21,6%) мен Қостанай облысы (плюс 18,7%) тұр. Ал Шымкент қаласында не бәрі екі пайызға өскен.
Ресми деректерге қарағанда, А4 қағазы бір жылдың ішінде 4,4 пайызға өскен. Бірақ қазақстандықтар да, дистрибьютерлер де мұның шындыққа жанаспайтындығын алға тартады.
Мәселен, ABDI компаниясының дерегінше, осы жылдың бірінші тоқсанында А4 қағазының бөлшек саудадағы бағасы бірден 100 пайызға қымбаттаған. Нақты айтар болсақ, Svetocopy A4 (500 парақ) кеңсе қағазының құны 1 қаңтарда 1 495 теңге болса, 30 наурызда баға 3000 теңгеге жеткен.
Айта кетерлігі, сәуір-мамыр айларының ішінде Ресейден Қазақстанға қағаз жеткізу қайта тұрақталады.