Қасиетті Рамазан айында ораза ұстап, нәпсі қалауын тыйып, жаманнан жиренген әрбір адамның жаны мен тәні тазарады. Тамақтану мамандары осы кезеңде ағза шынымен тазарып, қалпына келуі үшін жеп отырған тамағыңа аса мән беруге кеңес береді. Кей өнімдер аса қауіпті болуы мүмкін. Tengrinews.kz тілшісі нутрициолог, клиникалық диетолог, Quintessence аурудың алдын алу медициналық клиникасының негізін қалаушы Аяла Қонақбаевамен сұхбаттасып, ораза кезінде қалай дұрыс тамақтанып, ағзаны тазарту керегін сұрады.
Нутрициологтың сөзінше, Рамазан айында не жегеніңді бақылау басқа уақытқа қарағанда маңыздырақ. Себебі ағза ұзақ уақыт бойы сусыз, тамақсыз әлсірейді, сондықтан оны кешке қалпына келтіруге көмектесу керек дейді.
Нутрициолог кеңесі қандай?
Аяла Қонақбаева кешке ауызашарда су ішкеннен кейін ол жасушаларға еніп, бүкіл ас қорыту жолын іске қосуы үшін 5-10 минут күте тұруға кеңес берді. Одан кейін бір құрма мен салат жей беруге болады.
«Ауызды құрмамен ашу керек деп айтылғанымен, бұл өнімнің гликемиялық индексі жоғары екенін білу керек. Сәйкесінше, ағзада қанттың құрамы күрт өседі. Сондықтан ұйқы безінің дұрыс жұмыс істеуіне көмектесу үшін, құрмадан кейін салат жейміз, онда шөп-шалам көп болғаны абзал», — дейді ол.
Сондықтан ұн өнімдерін, тәттіні, макарон, кондитерлік өнімдерді (жылдам көмірсулар) рационнан алып тастау керегі айтылды. Өйткені олар қандағы қантты арттырады. «Ұзақ уақыт аш жүрген соң, қанттың осылай лезде көтерілуі ағзаға зиян».
«Қант мөлшері жоғары болса ағза өте қатты қышқылданады. Ал ол — бактерия, вирус, саңырауқұлақ, паразиттердің көбеюіне өте қолайлы орта. Ұйқы безі, бауыр, ас қорыту жүйесі зардап шегеді. Дұрыс тамақтанбаса қант диабеті, инсулинрезистенттік (эндогендік немесе экзогендік инсулинге метаболикалық реакцияның бұзылуы) болады. Сондықтан қандағы инсулин мен қантты бақылауда ұстау керек», — деді маман.
Шөп-шаламнан басқа не жеуге болады?
Бұл сұраққа нутрициолог шөп-шалам асқазан жұмысын қосуға керегін айтты. Одан бөлек ағзаға ақуыз да керек. Мысалы балық, күркетауық еті, тауық, жылқы, қой, қозы еті. Аяла Қонақбаева тауық етіне қарағанда күркетауық жеген дұрыс дейді. Себебі «тауық не жұмыртқа аллергиялық компонент болып есептеледі, оларды, мысалы, саңырауқұлақ ауруларында жеуге тыйым салынады» дейді ол. Маман қазір тауық ең арзан және ең көп тұтынылатын өнім болғандықтан, әдетте қоспалар көп екенін, ГТА болатынын ескертті.
Ағзаға ақуыз керек болғанымен, нутрициолог етті аз жеуге және көкөністерді ұмытпауға кеңес берді.
«Өйткені ифтар мен сухур арасындағы уақыт салыстырмалы түрде аз, ет ауыз бекіткенше қорытылып үлгермейді. Ал ауыз бекітерде толыққанды таңғы ас ішу керек, ол ақуыз бен майдан тұрады, көмірсуларды мүлде жемеген немесе көлемін азайтқан абзал», — деді ол.
Аяла Қонақбаева үстелдегі бар тағамды бірден араластыру да дұрыс емес екенін айтты.
«Түсінемін, қарын ашады, бірақ артық тамақ жеп қоймау үшін, асқазан толғанда ми сигнал беріп үлгеруі үшін баяу шайнаған жөн. Ал ауызашардан кейін серуендеген абзал», — деді ол.
Жеміс жеуге бола ма?
Нутрициолог ораза кезінде жеміс жеуге кеңес бермейді. Себебі жемісті жейтін уақыт — кешке де, таң да емес. Құрамында өзіндік қант бар. Ол да ағзаға зиян әсер етеді.
«Сондықтан мәзірден мүлдем алып тастаған дұрыс. Мұндағы мәселе — ауызашарда онсыз да көп тамақ желінеді. Сол үшін жемісті тыя тұрған дұрыс», — деді Аяла Қонақбаева.
Биологиялық белсенді қоспаларды қалай ішу керек?
Клиникалық диетолог биологиялық белсенді қоспаларды ішпеуге кеңес береді.
«Қайткенмен, бұл тазару уақыты. Бәрі дұрыс жасалса, ағзаның өзі көптеген кемшілікті қалпына келтіреді», — деді ол.