«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының аппараты мен қалалық мәслихаттағы фракция мүшелерінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Алқалы жиында партияның қоғамдық-саяси және идеологиялық міндеттері пысықталды. Сондай-ақ, депутаттардың партия жарғысын орындауы мен әдептен озбауы жөніндегі мәселелер әңгіме өзегіне айналды.
Жиында Жанар Бектаева партияның мәслихаттағы фракциясының жұмысын барынша күшейту және аппаратымен байланысты арттыру туралы сөз қозғады.
«Біз халықпен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізіп, қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты және партия төңірегіне жастарды біріктіру, сайлауалды бағдарламада көрсетілген 149 іс-шараның сапалы орындалуы үшін шаралар қабылдауымыз қажет. Сайлауалды бағдарламаны орындау – біздің міндетіміз. Бұл тұрғыда Шымкент қалалық мәслихатындағы партия фракциясы мүшелерінің алар орны ерекше» — деді Ж.Бектаева.
«Нұр Отан» талай түйткілді мәселелердің шешілуіне мұрындық болып келеді. Енді бас партияның белсенділігі бұрынғыдан да күшейе түспек. Сайлауалды бағдарламада халық қалаулылары сайлаушыларға уәдені үйіп-төгіп берді. Ал оның өтеуі — тұрақты әрекет. Нақты жетістік.
Фракция мүшелері тоқсанына бер реттен азаматтарға жеке қоғамдық қабылдаулар өткізіп отырулары тиіс. Айталық, есепті кезеңде Шымкентте 48 қабылдау өтті. 288 азаматтың арызы тыңдалды. Олардың ішінде 90-ы оң шешімін тапқан.
«Нұр Отан» нақты істер партиясы. Бірақ, маңызды шараларға қатыспай, қаласа, қыдырып, қаласа сұрана салатын кейбір депутаттардың әрекеті саяси ұйымның белеліне кері әсер етеді. Сондықтан фракцияның босбелбеу мүшелеріне аяушылық жоқ. Балдық дәрежесі төмендейді.
Мәжіліс соңында Жанар Әлібекқызы сайлау алды бағдарламада көрсетілген 149 іс-шараны сапалы орындау міндетін тағы бір пысықтады. Шымкент қалалық мәслихатындағы фракция жетекшілері мен мүшелеріне бірқатар тапсырмаларды жүктеді.
masa-ақпарат