АРЕНДАЛЫҚ ҮЙ МЕ, КРЕДИТТІК ПЕ?
🏠 Бүгінгі кезекті постымызда өздеріңізбен мемлекеттік тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз берілетін арендалық тұрғын үй мен оңай әрі жылдам түрдегі ипотека аясында баспаналы болудың тиімділігі жайлы сөз қозғауды жөн көрдік.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1054 қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020 – 2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 29 тамыздағы №318 бұйрығымен бекітілген жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларына сәйкес, азаматтар баспанада 5 жыл мерзімде ғана тұрақтай алады. Бұл тұрғын үйге мұқтаж санаттағы азаматтарға мемлекеттен берілетін бір реттік мүмкіндікті қолдау болып табылады. Сатып алу құқығынсыз арендалық үймен қамтамасыз етілген азамат осы аралықта өзін жеке иеліктегі баспанамен қамтуы қажет. Әйтпесе, 5 жыл мерзім өткен соң қайта пәтер жағалауына тура келуі мүмкін. Ал тұрғын үй кезегінің қалған санаттарындағы тұрған азаматтарға мерзімсіз жалға беріледі.
Осы орайда кредиттік тұрғын үй алудың бағыттары мен бағдарламалары ауқымды мүмкіндікке ие. Қазіргі таңда «Отбасы банкі» мен екінші деңгейлі банктер әкімдік тарапынан кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін арнайы жобалардың талаптары мен шарттарын мейлінше жеңілдетіп отыр.
Мәселен «Бақытты отбасы» бағдарламасына «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар; толық емес отбасылар; мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар санатындағы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар баспаналы бола алады. Ол үшін отбасының әрбір мүшесіне шаққанда айына заңнамада белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен аспайтын табысын (2021 жылға-34 302 теңге) растау арқылы бастапқы жарна мөлшерінің бір бөлігін жабу үшін берілетін тұрғын үй сертификатын пайдалану мүмкіндігі де қарастырылған.
Тіпті аталған бағдарламаға қатысу өтініміне құжаттарды үйден шықпай ақ baspana.kz интернет ресурсы арқылы жібере аласыз. Сонымен қатар қатысушы азаматтар жылдық мөлшері 2 пайыздан аспайтын жаңа және екінші нарықтағы үйлерді де сатып алуларына әбден болады.
Осылайша артық шығынсыз және алтын уақыттың текке кетпеуі арқылы тұрғын үй мәселеңіз біржолата шешімін табады. Тұрғын үй санатындағы азаматтарға арналған басқада кредиттік бағдарламалар жайлы келесі посттарда айтатын боламыз.