Түркістан облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау, ауыл шаруашылығы мен өңдеу саласының әлеуетін арттыру және жергілікті өндірісті ілгерілету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы бағыттағы маңызды шаралардың бірі ретінде ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «AGROFEST TURKISTAN – 2026» фестивалі өтті. Бұл алаң өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің нақты жетістіктерін көрсетіп, шаруашылықтар мен кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігін айқындауға мүмкіндік берді.
Ауқымды шара барысында өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуеті таныстырылып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі мен жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Көрмеге Кентау қаласының кәсіпкерлері де қатысып, өздері өндірген өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Жергілікті өнімдердің сапасын арттыру, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету және кәсіпкерлікті дамыту – өңір экономикасын нығайтудың негізгі тетіктерінің бірі. Мұндай жәрмеңкелер өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы тікелей байланысты нығайтып, ауылдық және қалалық шаруашылықтардың нарықтағы орнын кеңейтуге ықпал етеді.
Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, сала еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкерлері мен озық шаруашылықтар марапатталды. Еңбек адамдарының жетістігін атап өту және озық тәжірибені тарату өңірдегі өндірістік мәдениетті дамытып, жаңа жобаларды іске асыруға ынталандырады.
Мерекелік шарада қала тұрғыны, «Қазанат» шаруақожалығының иесі Жасұлан Қожатов «Үздік жылқышы» және Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы «Абдашим» шаруа қожалығы «Ең үздік жылыжай» номинациясы бойынша марапатқа ие болды. Бұл – жергілікті шаруалардың табанды еңбегі мен ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесінің лайықты бағасы. Әсіресе жылыжай шаруашылығын дамыту жылдың әртүрлі мезгілінде тұрақты өнім алуға, еңбек өнімділігін арттыруға және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Кентау қаласында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді. 2026 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 14,2 млрд теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 8,9 млрд теңге, мал шаруашылығы – 5,2 млрд теңге деңгейінде қалыптасты. Бұл көрсеткіштер өңірлік экономиканың нақты секторындағы өсімді, өндіріс көлемінің ұлғаюын және қала мен оған қарасты елді мекендердің экономикалық әлеуетін көрсетеді.
Сондай-ақ салаға тартылған инвестиция көлемі 3,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда едәуір өсті. Инвестициялық белсенділіктің артуы жаңа технологияларды енгізуге, өндірістік базаны нығайтуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын жеделдетуге жол ашады. Биыл қала бойынша 2500 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, бұл жер ресурстарын тиімді игеру мен азық-түлік өндірісінің тұрақтылығын қолдау бағытындағы нақты қадамдардың бірі.
Өндіріс пен кәсіпкерліктің дамуы қалалық және ауылдық аумақтардағы инфрақұрылым мен коммуналдық қызметтердің сұранысымен тікелей байланысты. Өнімді өсіру, сақтау, тасымалдау және өңдеу үдерістері жол, энергия, су және инженерлік желілердің сенімді жұмыс істеуін талап етеді. Сондықтан өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсімі мен инфрақұрылымдық дамуы бір-бірін толықтыратын біртұтас үдеріс ретінде қарастырылады.
Жалпы алғанда, Кентау қаласындағы өндірістік және шаруашылық көрсеткіштердің өсуі Түркістан облысының экономикалық әлеуетін нығайтуға өз үлесін қосуда. Тұрғындарға өңірдегі даму бағыттары мен нақты экономикалық нәтижелер туралы ақпаратты мемлекеттік тілде жүйелі түрде түсіндіру атқарылып жатқан жұмыстардың мазмұнын айқындай түседі. Алдағы уақытта да өңірдегі экономикалық бастамаларды қолдау, инвестиция тарту және инфрақұрылымдық ортаны жетілдіру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаса береді.



