5571 әскери бөлімінің әскери қызметшілері оқушыларға ерлік сабағын өткізді
2026 жылғы 15 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Алматы қаласындағы №156 жалпы білім беретін мектептің «Жас Бүркіт» спорттық-әскери-патриоттық сыныбының тәрбиеленушілеріне «Республика рухы – батырлар мұрасы» тақырыбында ерлік сабағын өткізді.
Республика күні мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған шара Ұлттық ұланның «Ұлттық ұлан – патриотизм мен батылдық мектебі» акциясы аясында өтті. Кездесудің мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, батырлар ерлігін дәріптеу және әскери қызметке қызығушылығын арттыру.
Сабақ барысында оқушылар Ұлттық ұланның жауынгерлік қызметі, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі міндеттері туралы ақпарат алды. Әскери қызметшілердің күнделікті тыныс-тіршілігі мен қызмет ерекшеліктері бейнероликтер арқылы таныстырылды.
Сондай-ақ оқушылар Президент Жарлығымен мемлекеттік наградаларға ие болған Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің ерлік жолы туралы бейнематериалдарды тамашалады. Олардың қатарында ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегерлері майор Ербол Отарбаев пен майор Жандос Баянбаев, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері аға сержант Өркен Мәжит бар. Әскери қызметшілер олардың өнегесі арқылы ерліктің негізінде тәртіп, табандылық және Отанға адалдық жататынын түсіндірді.
Кездесу барысында «Жас Бүркіт» сыныбының тәрбиеленушілері өнер көрсетіп, әскери оркестр әсем әуенімен шараның рухын асқақтатты.
Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясының 3-курс курсанттары Заңғар Алтаев пен Ислам Тоқсанбай кәсіби бағдар беру жұмысын жүргізді. Олар оқушыларға Академияға түсу тәртібі, әскери білім алу мүмкіндіктері мен болашақ офицерлерге қойылатын талаптар туралы мәлімет беріп, жастарды әскери мамандықты таңдауға және ел қауіпсіздігіне үлес қосуға шақырды.
Шара соңында Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты №156 жалпы білім беретін мектептің директоры Манар Темірғалиева Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне алғысын білдіріп, мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие беруге қосқан үлесі үшін алғыс хат табыстады.
«Жас ұрпаққа Отанды сүюді, ел тарихын құрметтеуді және батырлардың ерлігін үлгі тұтуды үйрету – ортақ міндетіміз. Осындай тағылымды кездесулер оқушылардың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, әскери қызметтің маңызын терең түсінуге жол ашады. Мектебімізбен ынтымақтастық орнатып, балаларға өнеге көрсеткен Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне шынайы алғысымды білдіремін», – деді Манар Бидахметқызы.
Республика күні – егемендігіміз бен мемлекеттілігіміздің символы. Ал батырлар ерлігі – ұрпаққа аманат болған асыл мұра. Осындай кездесулер жас буынның патриоттық рухын нығайтып, Отан алдындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Ұлттық ұлан – ел тыныштығының тірегі, патриотизм мен батылдықтың мектебі!



