Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дені сау интеллектуалды ұлтты қалыптастыру және жаңа жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет пен спортты дамытуға басымдық беріп отыр. Коронавируспен күрес кезінде дәрігерлерге деген құрмет арта түскені белгілі. Себебі адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді.
Шымкент қаласында 123 денсаулық сақтау мекемесі бар. Онда 4 мыңнан аса дәрігер мен 10 мыңға жуық орта буынды медицина маманы жұмыс жасайды. Дәрігер болу оңай емес, ал «нағыз дәрігер» атану қиын деп жатады. Сондай алтын қолды дәрігерлердің бірі шалғай орналасқан елдімекендегі емханада науқастарды емдеуде.
Алишер Исаходжаев Шымкент қаласы Сайрам тұрғын үй алабында орналасқан №12 қалалық емханада консультативті-диагностикалық көмек көрсетеді. Ақ халатты Алишердің есімі Қарамұрт, Ақсукент, Төлеби аудандарының тұрғындарына да таңсық емес. Олар мұнда дәрігер қабылдауына арнайы іздеп келеді.
Алтын қолды оташы 18 жылдан бері денсаулық сақтау саласында жұмыс істеп келеді. Жарақат алған немесе хирургиялық ауруларға шалдыққан науқастарға сапалы ота жасап, ел алғысына бөленген. Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында біліктілігін артырып келген. 2014 жылдан бері жоғары санатты маман-балалар хирург дәрігері. Емханада балалар хирург дәрігері ретінде тума дисплазиясы бар нәрестелерге уақытылы ем тағайындап, оң нәтижелерге жеткен.
Ұжымына да сыйлы маман қосымша кәсіподақ төрағасы, әрі азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бойынша жауапты маман. Алишер Бахтиярұлы жақсы дәрігер ешуақытта жеткен дәрежесінде тоқталып қалмауы қажет деп санайды.
«Дәрігер болу үшін алдымен жүректілік пен мейірімділік керек. Сонымен бірге, кәсіби деңгейін өмір бойы, ең болмағанда 5-10 жылда бір рет емес, бірнеше рет жоғарылатып тұру қажет. Президентіміз бәсекеге қабілетті болуды тапсырды. Осы мақсатта үнемі ізденісте болып, тұрғындарға көмек көрсетіп, алғыстарын алсақ басты мақсатымызға жеткен боламыз», — дейді дәрігер-хирург.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі