Түркістанда бизнес алпауыттарының қатысуымен елімізде алғаш рет «Кәсіпкерлік Қырандары» пилоттық жобасы бастау алды. Ерекше форматта өткен жаңа шоу – жобаның мақсаты – инвесторлардың көмегімен микробизнесті, стартаперлерді, «Бастау Бизнес» түлектерін қолдау. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен өткен телевизиялық жобаның алғашқы түсірілімінде белгілі бизнес мэтрлерінің алдында жас кәсіпкерлер өз бизнес — жобасын қорғап шықты. Таңдауы түскен түркістандық жас кәсіпкерге инвесторлар қаржы құйып, бағыт берді.
Мол табыс табудың қыр-сырын үйретіп, кәсіптің өркендеуіне үлес қосуға өңір кәсіпкерлері қолдау көрсетті. Тұңғыш рет қолға алынған ерекше жобаға ірі бизнесмендер, «Атамекен» ӨКП Өңірлік кеңесінің мүшелері Қ.Абасов, Н.Әбішев, С.Арапбаев, А.Ахметов, С.Ертаев, Т.Мұратов, М.Рисметов, И.Намазбаева, Б.Серманизов сынды өңірдегі ірі бизнесмендер қатысты. Тартысты жобада кәсіпкерліктің «жілігін шағып, майын ішкен» майталмандардың алдында жас кәсіпкерлер өз жобаларын қорғап шықты. Ток-шоу бағдарламасы наурыз мерекесінде «Turkistan» телеарнасының алғашқы эфирінде жарыққа шығады.
«Кәсіпкерлік Қырандары» телевизиялық ток-шоу бағдарламасының алғашқы түсіріліміне қатысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдің жас және өршіл кәсіпкерлеріне қолдау көрсету мүмкіндігі үшін инвесторларға алғыс айтты. Облыс басшысы кез-келген өңір экономикасының негізгі драйвері ретінде шағын және орта бизнестің ерекше рөлін атап өтті. Жобаға қатысушы жастармен тілдесіп, жігерлендірді.
«Кәсіпкер болу үшін жүрек керек, батылдық керек. Ол үшін өзі таңдаған саласында біліктілік пен кәсібилік керек. Кәсіпкерлер күнделікті тәуекелге барады. Сондықтан екінің бірі кәсіпкер бола алмайды. Елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл сала Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысының ерекше назарында. Өздеріңіздей, жас та болса жеке кәсіптің тұтқасын ұстауға құлшынған азаматтарды қолдаймыз», – деді Өмірзақ Шөкеев.
Облыс басшысы өз сөзінде стартаперлердің, жас кәсіпкерлердің жобаларын және әлеуметтік жобаларды қолдау бойынша соңғы екі жылда қабылданған шараларға тоқталды. Айта кету керек, инвесторларға өңдеу өнеркәсібі, тамақ және ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және туризм салаларындағы 60-қа жуық әлеуетті жобалар таныстырылды. Қатал сараптаудан өтіп, финалдық кезеңге шыққан жоба авторлары инвестиция үшін күресте өздерінің бизес — идеяларын ортаға салды.
Басым бөлігі Түркістан қаласында жүзеге аспақ. Атап айтқанда, өңірде таза табиғи өнімнің өндірісі дамып, мырышпен қапталған құрылыс материалдары шығарылмақ. Жаңа тәсілмен анар мен алмұрт өсіріліп, ветеринариялық жедел жәрдем ашылмақ. Түркістан аспанында әуе шарлары қалықтап, экологиялық таза полиэтилен қапшықтары өндіріле бастайды.
Отырыстың қорытындысы бойынша, инвесторлар мен қатысушылар арасында 88 млн. теңге инвестиция бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы 8 меморандум жасалды. «Атамекен» ӨКП және Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда бағдарламасы ұйымдастырған іс-шара жалғасын табады. Инвесторлар қолдауын тапқан барлық жобаның даму сатысы бақыланып, есептік кездесу өтеді.
Облыста 142 мыңға жуық шағын және орта бизнес өкілі бар. Оның 300-і ірі кәсіпкерлер. «Бастау Бизнес» бойынша 3 мыңдай болашақ кәсіпкер білім алып, тәжірибе жинақтады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі