Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев А-15 «Жызақ – Гагарин – Жетісай – Киров – Қызыләскер – Сарыағаш – Абай – Жібек жолы» республикалық маңызы бар автожолының 175–183 шақырымдары аралығындағы бүлінген жол учаскесіне арнайы барып, жағдаймен танысты. Бұл жол учаскесі аудан үшін стратегиялық маңызға ие бағыттардың бірі болып саналады, себебі ол арқылы күнделікті мыңдаған көлік қатынайды.
Аталған аумақта автоматтандырылған таразы орналасқан. Қазіргі таңда осы тұстағы жолдың бүлінуі тұрғындар мен жүргізушілердің қатынауына айтарлықтай қолайсыздық туғызуда. Жол жамылғысының тозуы көлік қозғалысын баяулатып қана қоймай, жол-көлік оқиғаларының туындау қаупін де арттырып отыр. Тұрғындар тарапынан бұл мәселе бірнеше рет көтерілген болатын.
Мәселені жергілікті жерде зерделеген аудан әкімі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері мен мердігер мекеме – «Әлем Транс Жол» ЖШС басшыларын шақыртып, жөндеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ жолдың техникалық жағдайын қалпына келтіру кезінде сапа стандарттарының қатаң сақталуы тиіс екені ерекше ескертілді.
— Бұл жолмен күн сайын біздің тұрғындарымыз жүреді. Сондықтан халыққа қолайсыздық туғызған мәселені созуға болмайды. Жолдың бүлінуінен тұрғындар айналма жол іздеп, уақытын жоғалтып, көліктеріне зақым келтіріп отыр. Сол себепті жөндеу жұмыстарын шұғыл түрде әрі сапалы аяқтауды талап етемін. Ал аудан әкімдігі тарапынан жол толық қалпына келтірілгенге дейін жағдайды уақытша ретке келтіру үшін қажетті шаралар қабылданып, арнайы техника жұмылдырылып, жолдың ойылған тұстарына шағал төсеу жұмыстары ұйымдастырылады. Ең бастысы – тұрғындардың қауіпсіздігі мен қатынауына қолайлы жағдай жасау, – деді Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев.
Аудан басшысы атап өткендей, жол инфрақұрылымы – тұрғындардың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды сала. Сондықтан мұндай мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды және олар дер кезінде шешілуі тиіс. Сонымен қатар жауапты мекемелерге жұмыстарды тәулік бойы бақылауда ұстап, белгіленген мерзімнен кешіктірмеу тапсырылды.
Мамандардың айтуынша, жолдың бүлінуіне егістік алқаптарынан келетін ағын судың жиналуы себеп болған. Су жиналу салдарынан асфальт қабатының беріктігі төмендеп, ойықтар пайда болған. Қазіргі уақытта мердігер мекеме қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. Жөндеу жұмыстары 7–10 күн ішінде аяқталады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, аудан әкімінің тапсырмасымен аудандық «Келес Қызмет» мекемесінің техникалары жұмылдырылып, жолдың уақытша қозғалысқа қолайлы болуын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Уақытша шаралар аясында жолдың ойылған бөліктеріне шағал төселіп, көлік қозғалысының қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде.
Аудан басшысы тұрғындардың қатынауына қолайлы жағдай жасалып, жол толық қалпына келгенге дейін бұл мәселе тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. Сондай-ақ ол инфрақұрылымдық жобалардың сапалы орындалуы – жергілікті атқарушы органдар мен мердігер ұйымдардың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.
Жалпы, Келес ауданында жол инфрақұрылымын дамыту, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Мұндай шаралар өңірдің көлік қатынасы жүйесін жақсартып, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.



