Келес ауданының орталығы — Абай ауылында инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар басталды. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы ауыл ішіндегі құрылыс және абаттандыру нысандарын аралап, жауапты тұлғаларға бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді. Бұл жұмыстар елді мекеннің сәулеттік келбетін жақсарту, демалыс аймақтарын көбейту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылуда.
Аудан басшысы алдымен ауылдың басты көрікті жерлерінің бірі — Әбжапар Жылқышиев атындағы гүлзарға барды. Қазіргі таңда бұл демалыс орнын Ошақты каналына дейін созу жоспарлануда. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда ауыл орталығында ұзын әрі заманауи серуен аймағы қалыптасып, тұрғындардың демалысына қолайлы кеңістік пайда болады.
Бүгінде жобаның алғашқы кезеңі ретінде Б. Қырғызәлиев және Абай көшелерінің аралығында жұмыс қызу жүріп жатыр. Құрылыс алаңында жерді тегістеу, инженерлік дайындық жұмыстары және жаяу жүргіншілерге арналған жолақтарды салу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар, автомобиль жолының орны нақтыланып, асфальт төсеуге қажетті дайындық шаралары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың барлығы аумақтың инфрақұрылымдық сапасын арттыруға бағытталған.
Нысанның барысын бақылаған Жәнібек Есенұлы гүлзар аумағындағы ескі нысандарды жаңартуды және мемлекет мұқтажы үшін алынатын ғимараттарды алу процесін жеделдетуді тапсырды. Аудан басшысы бұл жобаның тек абаттандыру емес, ауылдың жалпы келбетін өзгертетін стратегиялық маңызы бар бастама екенін атап өтті.
— «Гүлзарды созу — жай ғана жол салу емес, бұл ауылдың сәулеттік келбетін өзгертетін маңызды жоба. Сондықтан жұмыс сапалы әрі белгіленген кестеге сай орындалуы тиіс. Орталық көшелердің бойы заманауи талаптарға сай болып, халықтың серуендеуіне барынша қолайлы жағдай жасалуы қажет», — деді Жәнібек Ағыбаев.
Аудан әкімі сондай-ақ құрылыс барысында сапа стандарттарын қатаң сақтау, көгалдандыру жұмыстарын кешенді түрде жүргізу және инженерлік инфрақұрылымды толық ескеру қажеттігін айтты. Жоба аяқталғаннан кейін ауыл орталығының жаңа келбеті қалыптасып, тұрғындардың бос уақыт өткізу мәдениеті де арта түспек.
Бұдан кейін аудан әкімі Араншы каналының бойындағы жаңадан салынған демалыс аймағына келді. Мұндағы атқарылған жұмыстарды оң бағалай отырып, әкім жобаның әлеуетін әлі де арттыру қажеттігін айтты. Канал бойындағы демалыс аймағы тұрғындар үшін серуендеуге, спортпен айналысуға және отбасылық демалыс өткізуге қолайлы орынға айналып келеді.
Тұрғындардың, әсіресе жастар мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін канал бойына қосымша воркаут (Workout) және балалар ойын алаңшаларын орнату туралы шешім қабылданды. Бұл бастама салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, ауыл жастарының спортқа қызығушылығын арттыруға да ықпал етеді.
Сонымен қатар ауыл әкімі Асыбек Жұмановқа Араншы каналының бойын Ж. Абуов және М. Артықов көшелеріне дейін, сондай-ақ аудандық сот ғимаратына дейінгі аумақты абаттандыру мен көгалдандыру бойынша жаңа жобалар дайындау тапсырылды. Жоспарланған жұмыстар аясында жасыл желек отырғызу, жарықтандыру жүйесін орнату, жаяу жүргіншілер жолдарын салу және демалыс аймақтарын көбейту көзделіп отыр.
Жалпы, Келес ауданында қоғамдық кеңістіктерді дамыту, демалыс аймақтарын кеңейту және елді мекендердің сәулеттік келбетін жаңарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мұндай жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, ауылдардың тартымдылығын күшейтіп, әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізбек.



