Ауданда халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға және қоғамдық кеңістіктерді жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бүгін аудан әкімі Досбол Күздікбайұлы қалалық мәслихат депутаты Байкен Әшірбайұлымен, сондай-ақ аудандық полиция басқармасының бастығы Жандос Дайрабекұлымен бірге бірқатар маңызды құрылыс және абаттандыру нысандарын аралап, тұрғындармен жүздесті. Аталған шара ауданның дамуына үлес қосып жатқан жобалардың орындалу барысын бақылап, халықтың ұсыныс-пікірлерін ескеруге бағытталған.
Шаңырақ шағын ауданындағы медициналық қызмет сапасы – басты назарда. Сапар барысында делегация алдымен «Дария-Медикус» медициналық орталығына аялдады. Бұл мекеме бүгінде 10 000-нан астам тұрғынға сапалы медициналық қызмет көрсетіп келеді. Мекемеде 111 қызметкер жұмыс істейді, олардың қатарында жоғары санатты дәрігерлер мен білікті орта медициналық персонал бар. Аудан әкімі мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысып, медициналық қызмет сапасына қатысты сұрақтар қойды. Медициналық орталықтың жұмысы оң бағаланып, денсаулық сақтау саласындағы серіктестік одан әрі нығайтылады деген сенім білдірілді.
Абдулабад тұрғын алабында – жаңа ойын және спорт алаңшалары. Ары қарай, аудан басшылығы Абдулабад тұрғын алабындағы құрылыс жұмыстарын көрді. Бұл аумақта, Абдулабад көшесі бойында, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін балалар ойын алаңшасы, спорт алаңы және гүлзар салынуда. Қазіргі таңда ойын және спорт алаңдарының құрылысы толығымен аяқталып, гүлзар салу жұмыстары қарқын алуда. Аталған нысандар пайдалануға берілгеннен кейін тұрғындарға серуендеуге, спортпен шұғылдануға және балалардың еркін ойнауына мүмкіндік туады.
Базарқақпа тұрғын алабында – кәріз жүйесіне қосылу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі сапар барысында Базарқақпа тұрғын алабындағы маңызды инфрақұрылымдық жобамен де танысты. Бұл аумақтағы 20 көпқабатты тұрғын үй мен 100-ден астам жеке тұрғын үйді орталық кәріз жүйесіне қосу жұмыстары басталған. Жоба бойынша құрылыс жұмыстарын «Су жоба Құрылыс» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Аудан әкімінің айтуынша, бұл – тұрғындардың санитарлық жағдайын жақсартуға, экологиялық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған маңызды қадам. Қазіргі таңда жұмыстар кестеге сай жүргізілуде және жауапты тұлғаларға сапа мен мерзімге ерекше көңіл бөлу тапсырылды.
Бадам-1 тұрғын алабында жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды. Сапар соңында делегация Бадам-1 тұрғын алабындағы, нақтырақ айтқанда Қажымұқан көшесінде, демеушілік негізде басталған спорт кешені құрылысының барысымен танысты. Аталған жоба – «ПКОП» ЖШС-нің демеушілігімен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда кешеннің іргетасы дайындалып, құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі жүргізілуде. Бұл спорт кешені жергілікті жастардың салауатты өмір салтын ұстануына, дене шынықтырумен айналысуына зор мүмкіндік бермек. Кешеннің құрылысы толық аяқталғаннан кейін мұнда заманауи жаттығу залдары, спорттық алаңдар және жаттықтырушылар бөлмесі қарастырылмақ.



