Тұрғындармен тікелей кездесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдап, тиімді шешім қабылдау – «AMANAT» партиясының басты басымдықтарының бірі.
Бұл қабылдаудың басты мақсаты – аудан тұрғындарының күнделікті өміріне әсер ететін өзекті проблемаларды анықтап, оларды шешу жолдарын нақтылау. Іс-шараға партия филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, қалалық мәслихат депутаттары, Еңбекші ауданы әкімдігінің жауапты қызметкерлері, аудандық прокуратураның және Полиция департаментінің өкілдері қатысты.
Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар тарапынан бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік сипаттағы мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, көшелерге сапалы асфальт төсеу, көше атауларын өзгерту, қаңғыбас иттерді аулау, жоғары кернеулі электр желілері өтетін бағаналарды көтеру және қоқыс жиналып қалатын арық жүйесін мемлекеттік балансқа өткізу мәселелері талқыланды. Бұл проблемалардың басым бөлігі Еңбекші ауданына тән және ауданның тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін факторлар екендігі атап өтілді.
Сонымен бірге, тұрғындар соңғы жылдары Еңбекші ауданында орын алған оң өзгерістерді де сөз етті. Атап айтқанда, елді мекен көшелерінің жарықтандырылуы, жаңа балалар ойын алаңшаларының салынуы, қоғамдық қауіпсіздік шараларының күшеюі тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп, ауданның келбетін жақсартқаны айтылды. Мұндай оң қадамдар партия мен жергілікті биліктің тығыз ынтымақтастығының нәтижесі ретінде бағаланды.
Қабылдау барысында әрбір азаматтың өтініші жеке қаралып, жедел шешілуі мүмкін мәселелер бойынша нақты шаралар қабылданды. Ал қосымша уақыт пен зерделеуді қажет ететін мәселелер арнайы хаттамаға енгізіліп, Еңбекші ауданы әкімдігі мен тиісті мемлекеттік органдардың бақылауына алынды. Бұл тәсіл тұрғындардың өтініштерін аяқсыз қалдырмауға және шешу процесін жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді.
«AMANAT» партиясының басты басымдықтарының бірі – жергілікті халықпен тікелей байланыс орнатып, олардың өтініш-тілектерін тыңдау арқылы тиімді шешім қабылдау. 2025 жылдың басынан бері партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 6 651 өтініш келіп түскен. Оның 78%-ы оң шешімін тапқан болса, қалғанына қолданыстағы заңнама аясында түсіндірме жауап берілген. Бұл көрсеткіш Еңбекші ауданында да халықтың белсенділігінің және партияның нақты істерінің айқын дәлелі болып отыр.



