2025 жылғы 9 тамызда Шымкент қаласында өткен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Еңбекші ауданы аумағында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, санитарлық тазалықты күшейту және тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру болды.
Таңғы сағаттардан бастап ауданның барлық аумағында тазалық жұмыстары қызу басталды. Жол жиектері мен аяқжолдар қоқыстан тазартылды, қураған ағаштар мен сынған бұтақтар кесілді. Сонымен қатар аулалар мен қоғамдық орындарда шөп шабылып, газондар қырқылды, ирригациялық жүйелерден жиналған қалдықтар алынды. Тұрғын үйлердің маңайы, ойын алаңшалары, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолдары ретке келтірілді.
Сенбілікке 1000-нан астам адам қатысты. Олардың қатарында аудан әкімдігі мен бөлімдерінің қызметкерлері, коммуналдық мекемелер, білім беру ұйымдарының ұжымдары, кәсіпкерлер, еріктілер, түрлі қоғамдық ұйым өкілдері және жергілікті тұрғындар болды. Жұмысқа 31 арнайы техника жұмылдырылып, бір күннің ішінде 75 тонна қоқыс шығарылды.
Шара барысында ардагерлер де белсенділік танытып, жастарға үлгі көрсетті. «Табиғатты қорғау – әр азаматтың парызы. Біз өзіміздің аулаларымызды, көшелерімізді таза ұстасақ, балаларымызға да сондай тәрбие береміз» – деді сенбілікке қатысқан ақ жаулықты аналардың бірі. Жастар ұйымдары мен оқушылар да қолдарына қолғап, қап алып, өз үлестерін қосты.
Еңбекші ауданы әкімдігі тұрғындарды тек сенбілік кезінде ғана емес, күнделікті тұрмыста да тазалықты сақтауға шақырды. «Қоршаған ортаға қамқорлық – әрбір азаматтың мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі. Бұл жұмыс тек әкімдік пен коммуналдық қызметтердің ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз», — деп атап өтті аудан басшылығы.
Акция барысында қатысушыларға қоқысты бөлек жинау, пластик пен қағазды қайта өңдеуге тапсырудың маңызы түсіндірілді. Сондай-ақ, жас көшеттер мен гүлдер отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы мұндай іс-шаралар Еңбекші ауданының көріктенуіне, экологиялық ахуалдың жақсаруына және тұрғындардың табиғатқа жанашырлық көзқарасын қалыптастыруға зор үлес қосып келеді. Аудан тұрғындары алдағы уақытта да мұндай бастамаларды қолдауға дайын екенін білдірді.



