Шымкент қаласы Еңбекші ауданы – қаланың ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан аумақтарының бірі. Мұнда халық тығыз орналасқандықтан, инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, сондай-ақ экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселелердің қатарында.
Аудан аумағында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін көшелерге орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Мәселен, Шымкент қаласы әкімінің тұрғындармен кездесуі нәтижесінде Исфиджаб тұрғын алабындағы Мүслім төбе көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары қолға алынып, асфальт төселіп, аяқжолдар салынды. Мұндай шаралар халықтың күнделікті өмір сапасын арттырумен қатар, қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ауданда «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде бірқатар шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, көпқабатты үйлердің аулаларында сенбіліктер ұйымдастырылып, тұрмыстық қалдықтарды шығару мен реттеу жұмыстары күшейтілді. Қалдықтарды бөліп тастау мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнайы жәшіктер орнатылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Экожүйені дамыту және қоршаған ортаны қорғау бағытында аудан аумағында көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көктемгі маусымда бірнеше мың түп ағаштар отырғызылып, гүлзарлар мен жасыл аймақтар жаңартылды. Сонымен бірге, су жүйелерін тиімді басқару, ағын суларды реттеу және ластануға жол бермеу мақсатында тиісті қызметтермен бірлесе жұмыстар атқарылуда.
Ауданда тазалық мәдениетін қалыптастыру және экологиялық сананы арттыру мақсатында мектептер мен балабақшаларда, сондай-ақ тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Бұл бағытта экологиялық акциялар, сурет байқаулары, еріктілердің қатысуымен флешмобтар өткізіліп, тұрғындар арасында қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үндейтін ақпараттар таратылуда.
Еңбекші аудан әкімдігі мен қала әкімдігі арасындағы өзара үйлесімді жұмыстың нәтижесінде ауданда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесі де жақсарып келеді. Жарықтандыру жүйелері жаңартылып, жаяу жүргіншілер жолдары жөнделіп, қауіпсіздік мақсатында бейнебақылау жүйелері орнатылуда. Сонымен қатар, су, жылу және кәріз жүйелерін жаңғырту бойынша жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Жалпы алғанда, Еңбекші ауданындағы бұл кешенді жұмыстар қаланың өмір сүруге қолайлы, экологиялық таза әрі қауіпсіз ортасын қалыптастыруға бағытталған. Қала билігі мен аудан әкімдігі тұрғындармен кері байланысты нығайту арқылы шешім қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етуді көздеп отыр. Бұл өз кезегінде азаматтардың белсенділігін арттырып, қаланың дамуына тікелей үлес қосуға мүмкіндік береді.



