Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданы инженерлік инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл – аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету жолында қолға алынған жүйелі шаралардың нәтижесі.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында аудан аумағында инженерлік желілерді тарту және қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Қарабастау, Елтай, Жыланбұзған, Текесу және тағы басқа шеткі елдімекендерде ауызсу және кәріз жүйелерін тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазіргі таңда 12 елдімекенде ауызсу жүйелері жаңартылып, тұрғындардың таза әрі үздіксіз сумен қамтылуына мүмкіндік жасалды.
Сонымен қатар, табиғи газбен қамту көрсеткіші де жыл санап артып келеді. Аудандағы жаңадан қоныстанған тұрғын алаптарында ішкі орамдық газ құбырларын тарту жұмыстары жоспарға сәйкес орындалып жатыр. Газдандыру деңгейін көтеру арқылы көмір мен қатты отынды пайдалану азайып, экологиялық ахуал жақсара түсті.
Электрмен қамту бағытында да айтарлықтай жұмыстар жүзеге асырылуда. Ауданның бірқатар көшелерінде тозығы жеткен электр желілері жаңартылып, жаңа трансформаторлар орнатылды. Сонымен қатар, LED жарықтандыру жүйелері енгізіліп, бірнеше көшеде заманауи көше шамдары іске қосылды. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып, энергияны үнемдеуге сеп болды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру, балалар ойын және спорт алаңшаларын орнату, жол жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын салу, көгалдандыру мен тазалық сақтау бағыттарында нақты жұмыстар қолға алынған. 2025 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 25 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар ұсынысымен жаңа инфрақұрылым нысандары бой көтерді.
Сонымен қатар, ауданда санитарлық тазалық бойынша да бақылау күшейтілген. Белгіленбеген жерлерге қоқыс төгу фактілерінің алдын алу, заңсыз қоқыс орындарын жою және қалдықтарды жинау бағытында арнайы техникалар мен мамандар жұмылдырылған. Тазалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында үгіт-насихат жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Жалпы, Еңбекші ауданында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту бойынша кешенді шаралар тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен қажеттіліктерін ескере отырып жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, аудан тұрғындары үшін қолайлы, қауіпсіз және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.



