Шымкент қаласы Еңбекші ауданы аумағында қоршаған ортаны қорғау, санитарлық тазалықты сақтау және тұрмыстық қатты қалдықтарды ретсіз тастамаудың алдын алу мақсатында тұрғындармен кең ауқымды түсіндірме жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды «MASA24.KZ» ақпарат агенттігі.
Аталған экологиялық шара аудан әкімдігінің бастамасымен қолға алынып, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен арттыруға бағытталды. Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындар арасында тазалыққа деген жауапкершілікті арттырып, ұқыпты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ қаланың санитарлық жағдайын жақсарту арқылы тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру.
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, ішкі істер органдары мен жауапты сала мамандары бірлесе отырып, тұрғын үй аулалары мен көше бойларын аралап, тұрғындармен бетпе-бет кездесулер ұйымдастырды. Әңгіме барысында мамандар рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастаудың қоршаған ортаға келтіретін зияны, қаланың санитарлық жағдайына және қала келбетіне теріс әсері жайлы жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, тұрмыстық қалдықтарды тек арнайы контейнерлерге тастау қажеттілігі, қоқысты белгіленген күндері шығару, өз ауласы мен үй айналасын таза ұстау әрбір азаматтың борышы екені ескертілді. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда туындайтын экологиялық және әлеуметтік мәселелер де сөз болды. Мамандардың айтуынша, тазалықты сақтау тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болуы тиіс.
Балалар мен жасөспірімдерге экологиялық тәрбие беру қажеттігіне де ерекше назар аударылды. Ата-аналарға өз балаларына үлгі болу, табиғатты аялауға үйрету, айналаны таза ұстау сынды ұстанымдарды күнделікті тұрмысқа енгізудің маңызы түсіндірілді. Бұл – болашақта саналы, табиғатқа жанашыр ұрпақ тәрбиелеудің алғышарты екені айтылды.
Аталған жұмыс шеңберінде бірқатар ескертпе белгілері орнатылып, бейнебақылау жүйелері арқылы қоғамдық орындар мен аулалардағы тәртіптің сақталуы қатаң бақылана бастады. Сонымен қатар, қоқыс тастағандарды анықтау үшін фото және бейнематериалдарды пайдалану мүмкіндігі де қарастырылуда. Заңбұзушылық фактілері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары қолданылатыны жөнінде түсіндірме берілді. Бұл ретте тұрғындарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 505-бабы негізінде шара көрілетіні ескертілді.
Жалпы, түсіндіру жұмыстары барысында тұрғындардың көпшілігі бұл бастаманы толық қолдап, тазалық пен тәртіп сақтау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Олар мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылуының қажеттігін айтып, өз ұсыныстарын да білдірді. Әкімдік тарапынан халықтың пікірін ескере отырып, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты негізде жалғасатын болады.
Тазалық – тәртіптің айнасы. Таза аудан – жайлы өмір кепілі!



