Шымкент қаласы Еңбекші ауданы аумағында санитарлық тазалыққа бағытталған кезекті сенбілік іс-шарасы ұйымдастырылды. Бұл жолы тазалық жұмыстары Бердіқожа батыр көшесінде жүргізілді. Аудан әкімдігі мен тиісті мекемелердің қызметкерлері бірлесіп, көшелер мен аулаларды тазарту, көгалдандыру және абаттандыру бойынша кешенді шараларды жүзеге асырды, деп хабарлайды «MASA24.KZ» ақпарат агенттігі.
Сенбілікке Еңбекші ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, «Еңбекші» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен мердігер мекеме — «Группа Интеко» ЖШС жұмысшылары жұмылдырылды. Олар жол жиектеріндегі күл-қоқыстарды жинап, жабайы өскен шөптер мен бұталарды қырқып, ағаштарды ретке келтірді. Сонымен қатар, жиналған қалдықтар арнайы техникамен шығарылып, көшелер толықтай санитарлық тәртіпке келтірілді.
Аталған шара ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға, тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға және экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған. Мұндай сенбіліктер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді және олардың тиімділігі тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді.
Аудан әкімі Д. Есілбек тазалық жұмыстарын өз бақылауында ұстап, жауапты сала мамандарына тұрғындар көп шоғырланған аймақтарда санитарлық тәртіпті сақтау мен оны күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, әрбір тұрғынды қоршаған ортаны таза ұстауға, өз ауласын, көшесін күтіп-баптауға, экологиялық жауапкершілікке үндеуді басты міндет етіп қойды.
Тазалық — тек бір мекеменің ғана емес, барша қоғамның ортақ ісі. Қоғам болып жұмылғанда ғана аймақ көркейіп, азаматтардың өмір сүру сапасы артады. Осы орайда, тұрғындардың белсенділігі мен сана-сезімінің жоғары болуы — табысты нәтижелердің кепілі.
Еңбекші ауданы әкімдігі мұндай экологиялық бағыттағы бастамаларды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра бермек. Алдағы сенбіліктерде шағынаудандар мен орталық көшелер қамтылып, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылатын болады.



