Күні кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай басшысы Си Сциньпиньмен өткен саммитте көтерген бастамалары Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесінің даму бағытын айқындады. Мемлекет басшысы Актөбе қаласында жүк авиациясына арналған халықаралық хаб құруға және Каспий жағалауындағы Құрық портында Қытаймен бірлескен жүк терминалын салуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл ұсыныстар елімізді Еуропа мен Азия арасындағы толыққанды логистикалық көпірге айналдыруға жол ашпақ.
Біле берсеңіз, бүгінде алдымызда көлік-логистикалық жүйені терең жаңғырту міндеті тұр. Транзиттік дәліз болудан жоғары қосылған құны бар логистикалық хабқа айналу стратегиясы жүзеге асуы үшін ескі инфрақұрылым, әкімшілік кедергілер, маман тапшылығы және геосаяси турбуленттілік сияқты жүйелі мәселелер шешімін табуы қажет.
Стратегиялық жоспарға сәйкес бес шекаралық логистикалық хабты құру алға жасалған қадам деп білемін. Бірақ бұл әлеуетті толық іске асыру үшін батыл реформалар мен ауқымды инвестициялар қажет.
Бес хаб — бес сын-қатер
Қорғас хабы: 2030 жылға қарай жүктің көлемін 15 млн тоннаға дейін, яғни үш есе ұлғайту көзделген, бірақ бюрократия мен инфрақұрылымдық шектеулер кедергі келтіру мүмкіндігі жоғары.
Каспий хабы (Ақтау): жүк айналымын 6 млн тоннаға дейін арттырып, контейнер айналымын 50%-ға ұлғайту жоспары бар, бірақ тозған инфрақұрылым мен инвестиция тапшылығы даму қарқынын бәсеңдету қаупі бар.
Еуразиялық хаб: транзит көлемі 40%-ға өседі деп күтілуде, алайда көлік операторлары арасындағы үйлестірудің әлсіздігі мен тиісті стандарттардың әртүрлілігі интеграцияға кедергі болуы ықтимал.
Астанадағы «Орталық Азия» көпфункционалды көлік-логистикалық
кешені: транзит көлемін 30%-ға арттырып, 20 мың жұмыс орнын ашу көзделген, алайда тиімді басқарусыз бұл жобаның нәтижелілігі төмендеуі мүмкін.
Интермодальды көлік-логистикалық кешен (Қырғызстан шекарасына
жақын): шығындарды 15–20%-ға азайтып, жүк өңдеу жылдамдығын 25%-ға арттыруға мүмкіндік береді, бірақ цифрландыру баяу жүруі менұйымдастырушылық мәселелер шешілмеген күйде қалып қою қаупі бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік министріне бағыттаған сыны — реформаларды жеделдету қажеттігін көрсететін айқын белгі. Бұл ескертуді елеусіз қалдыруға болмайды.
Не істемек керек?
Қытай, Ресей, Иран және Түрікменстанмен шекарааралық логистикалық альянстар құру бастамасын көтеру керек. Бұл кедендік рәсімдерді оңайлату, реттеуші талаптарды үйлестіру және бірлескен инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. Оған қоса, бизнес ортаны жақсартып, саланы инвесторлар үшін тартымды етеді.
Экологиялық шешімдердің де маңызы зор: электромобильдер мен электропойыздарды енгізу, жаңартылатын энергия көздерінен қуат алатын «жасыл» қоймалар мен терминалдар салу. Бұл шаралар қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, қазақстандық логистиканың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Маман тапшылығын шешу үшін ірі логистикалық хабтар базасында халықаралық университеттермен және компаниялармен бірлескен оқу орталықтарын ашу — тұрақты әрі тиімді даму үшін қажет және келешегі зор қадам.
Көлік-логистикалық жүйені жаңғырту — бұл жай ғана экономикалық мәселе емес, бұл — ұлттық қауіпсіздік пен егемендіктің мәселесі. Кешенді тәсіл мен жүйелі реформаларсыз мемлекетіміз өз тарихи мүмкіндігінен айырылып қалуы мүмкін. Жалпы алғанда, еліміздің жаһандық логистикалық алаңда жетекші ойыншыға айналар әлеуеті зор. Бірақ бұл үшін армандап қана қоймай, бюрократиямен күресіп, тиімді ынтымақтастық орнатып, адамдар мен технологияларға белсенді түрде инвестиция салу қажеттігі анық.
Мұхит Қабылбекұлы Асанов
“Республика” партиясының мүшесі,
ASEM CORPORATION Медико-фармацевтикалық корпорациясының бас директоры, кәсіпкер, қоғам белсендісі



