Туған жер – адамның алғаш көзін ашып көрген әлемі, алғаш сезінген жылулығы мен алғашқы қадамын басқан қасиетті топырағы. Туған жер – әр адамның жүрегінде мәңгі орын алатын аяулы мекен. Бұл – бізді өсіріп, ер жеткізген, әр қуаныш пен сағынышқа куә болған жер.
Бала кезіміздегі күн шуағына шағылысқан өзен жағасы, жайлаудағы жусан иісі, ауылдағы топырақ жолдар – бәрі жүрек түбінде мәңгі сақталады. Уақыт өте бұл көріністер сағынышқа айналып, жанымызды тербейді. Адам қай жерде жүрсе де, оның жүрегіндегі туған жерге деген махаббат ешқашан сөнбейді. Бұл сезім – нағыз шынайы, таза әрі мәңгілік.
Туған жер тек жер ғана емес, ол – біздің өткеніміз, тарихымыз, ата-бабамыздың ізі қалған қастерлі мекен. Ол – біздің болмысымыз, мәдениетіміз, салт-дәстүрімізбен біте қайнасқан рухани құндылықтарымыздың қайнар көзі. Осы жерден басталған өмір жолымыз бізді биік арманға жетелеп, үлкен өмірге жол ашады.
Әрбір адам өзінің туған жеріне тек естелік ретінде қарамай, оның болашағына бейжай қарамауы керек. Себебі туған жердің гүлденуі – елдің өркендеуі. Егер әркім өзінің туған өлкесіне жанашырлықпен қарап, аз да болса үлес қосса, онда еліміздің әр бұрышы жарық, жайқалған, көрікті болары сөзсіз. Бүгінгі ұрпақ туған жерін сүйсе, ертеңгі ұрпақ сол махаббатты жалғастырады.
Туған жер – сенің арқа сүйер тірегің. Сен қай жерде жүрсең де, ол сені үнсіз тіл қатып шақырып тұрады. Ол – әке-шешеңнің, ата-баба рухының мекені. Сондықтан туған жерге тағзым ету – ұлттық санасы оянған, жүрегінде оты бар әр азаматтың парызы.
Алуа Дәулетбек
Төлеби ауданы
Алатау орта мектебінің оқушысы



