Биылғы жылдың 10 айында Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Осы кезеңде қала экономикасының өсімі 12%-ды құрап, бюджет көлемі 779 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 123 млрд теңгеге көп.
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен көшпелі есеп беру кездесуінде мәлімдеді. Мегаполис басшысы атқарылған жұмыстар мен алдағы жобалар туралы баяндады.
«Президент Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін 1,5 есе және еңбек өнімділігін арттыру міндетін қойды. Осы бағытта биыл 16 жобаның 12-сі іске асырылды. Олардың жалпы құны – 78,2 млрд теңге. 67,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, «Coca-Cola İçecek (CCI)» зауыты іске қосылып, 100 тұрақты жұмыс орны құрылды, сондай-ақ «Wan Sheng Ceramic» керамикалық плиталар шығаратын кәсіпорын ашылып, 350 адам жұмыспен қамтылды», – деді Ғ. Сыздықбеков.
Сонымен қатар, өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында жалпы аумағы 438 гектарды алатын екі жаңа индустриялық аймақ іске қосылды. Олардың қатарында:
«Жұлдыз» индустриялық аймағы, мұнда құны шамамен 166 млрд теңге болатын 46 ірі заманауи кәсіпорын шоғырланады;
«Бозарық» азық-түлік өнеркәсібі индустриялық аймағы, мұнда құны 44 млрд теңге болатын 25 жоба жүзеге асырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Бұл жобалар Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, қала экономикасының дамуына жаңа серпін береді. Сонымен қатар, инвесторлар үшін тартымды жағдай жасап, халықты жұмыспен қамту деңгейін айтарлықтай жақсартады.
Қала аумағында жалпы аумағы 1276 гектарды құрайтын 7 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Аймақтарда 646 млрд теңге сомасына 430 жоба іске асырылып отыр. Бүгінгі таңға жалпы құны 225 млрд теңгені құрайтын 8,5 мың жаңа жұмыс орнын ашу арқылы 293 жоба іске асырылды.
Аталған аймақтарда құрылыс материалдары, ауыр металлургия, шыны өндірісі, машина жасау, жиһаз өндірісі, фармацевтика және тоқыма өнеркәсібі саласындағы жобалар іске асырылды. Оның ішінде ірі жобаларға тоқтала кететін болсақ:
2019 жылы «Тассай» индустриялық аймағында машина жасау саласында Орта Азияда баламасы жоқ жалпы құны 20,1 млрд теңгені құрайтын «Asia Trafo» ЖШС-ның трансформатор зауыты құрылды. Сондай-ақ еліміздегі ең ірі кілем өндіретін зауыт «Бал Текстиль» ЖШС «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жобасын сәтті іске асырып келеді. Одан бөлек, «Оңтүстік» индустриялық аймағында орналасқан «QazAlpack» зауыты – Орталық Азиядағы алюминий банкаларын өндіру бойынша бірегей жобаны іске асырған алғашқы компания.
Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі саласына жаңа инвесторлар тарту мақсатында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы саласындағы жобаларды іске асыру үшін «Жұлдыз» индустриялы аймағын қосымша 155 гектарға кеңейту, жеңіл өнеркәсіп саласын одан әрі дамыту мақсатында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын 175 гектарға ұлғайту, ауыр металлургия саласындағы жобаларды іске асыруға «Темір» индустриялық аймағы (1076 га), логистикалық хаб құру мақсатында сауда-логистикалық орталығын қосымша 136 гектарға ұлғайту көзделіп, дайын өндірістік алаңдар құру мақсатында 118 гектар аумаққа «Стандарт» жеке индустриялық аймақтары құрылуда.
Аталған аймақтарда 11 мың жұмыс орнын құра отырып, тартылған инвестиция көлемі 759 млрд теңге болатын, 275 жоба іске асырылады.
Шымкент – еліміздегі жеңіл өнеркәсіп жақсы дамыған қалалардың бірі.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылуы жеңіл өнеркәсіптің дамуына және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, отандық мақтаның тұтыну үлесін арттыру мен қосылған құны жоғары дайын жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаруға ықпал етті.
2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Шымкент қаласының жеңіл өнеркәсібіндегі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны 171 бірлікті құрады, оның ішінде 2-уі – ірі, 8-і – орта және 161-і – шағын кәсіпорындар.
Жеңіл өнеркәсібі кәсіпорындарымен биылғы қаңтар-тамыз айларында 24,1 млрд теңгенің (2023 ж. 8 айы – 25,7 млрд теңге) өнімі шығарылып, өнеркәсіптік өндіріс индексі 84,0%-ды құрады. Саланы шикізатпен қамтамасыз ету бойынша шешімін таппаған мәселе жоқтың қасы. Алайда, бүгінде өнімдерді өткізу мәселесі өзекті болып отыр.
2024 жыл басынан бері саладағы бірқатар компания тұрақты тапсырыстардың болмауы, өнімдердің (иірілген жіптің) сатып алу бағасының төмен болуы, дайын өнімдерді өткізу нарығының тарылуы, шетелдік тапсырыс берушілердің сатып алынған тауарлар үшін жасайтын төлемдерінің кешіктірілуі (АҚШ долларындағы өзара есеп айырысу) сынды мәселе төңірегінде қиындықтарға тап бола бастады. Оған қоса, иірімжіп нарығындағы белгіленген баға өнімдерінің бәсекеге қабілетсіз және Өзбекстан тарапынан демпинг жасауы, компаниялар өндірісінің рентабельсіз болуына алып келді. Соның салдарынан, бүгінде «AZALA Cotton» ЖШС иірімжіп шығаратын фабрика өндірісі тоқтап тұрса, саланың өзге кәсіпорындарының жүктелуі төмен болуда. Осы мәселенің шешімі – бюджет қаражаты есебінен өткізілетін тендерлердегі жергілікті компаниялар үлесінің артуы болмақ.