Шымкент қаласының әкімі кезекті аралау барысында бірқатар маңызды нысандарды тексеріп, олардың жағдайымен танысты. Ең алдымен, Қаратау ауданындағы Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананы аралап, кітап қорын, әсіресе шет тіліндегі балалар әдебиетін көбейту қажеттігін айтты.
Шаһар басшысы А-2 автожолын қайта жаңғырту жұмысының 6-7 кезеңін және Өтегенов көшесінің жөндеу жұмыстарын да қарап шықты. Мердігерлерге жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру мен көгалдандыруға ерекше назар аударуды тапсырды.
Сонымен қатар, Тұран ауданының «Жаңаталап» тұрғын алабындағы жаңа көпір құрылысын тексеріп, жұмыстардың кестеге сай жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жауапты мамандарға жұмыстың сапасы мен мерзімін сақтау қажеттігін ескертті.
Қала әкімі Тұран ауданындағы қоқыс полигонында болып, оның жұмысын ұйымдастыру барысын бақылап, қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау және кәдеге жарату мәселелерін талқылады.
Жаяу аралау кезінде қала басшысы Әйтеке би, Төле би көшелерінің, «Ордабасы» алаңының, «Көл» және «Шәмші Қалдаяқов» саябағының санитарлық жағдайын тексеріп, аудан әкімдері мен тиісті сала басшыларына аумақтың тазалығын қамтамасыз етіп, анықталған кемшіліктерді жедел түрде түзетуді тапсырды.