Түркістанда жаңа спорт нысандарының саны көбейіп келеді. «TURAN» футбол академиясының құрылысы да аяқталуға таяды. Олардың құрылыс барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында тұр. Облыс әкімі облыс орталығында салынып жатқан «TURAN» футбол академиясының ғимаратын аралап көрді. Жақында ашылатын ФК академиясына қатысты жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Жаңа кешеннің көгалдандыруына назар аударуды ескертті.
Футбол академиясында еліміздің негізгі құрамасына болашақ ізбасарлар тәрбиеленеді. Мұнда спортшыларға Еуропаның үздік клубтарындағыдай жағдай жасалады. Бұл – балалар футболын дамытып, жергілікті талантты футболшылардың үлкен аренаға шығып, өз қабілеттерін көрсетуге жол ашуға мүмкіндік.
Облыс әкімдігі тарапынан қолдау тапқан бұл жоба биыл ашылады. 20 гектар жерде орналасқан кешенде ойын алаңынан бөлек 300 орындық жатақхана және оңалту залы болады. Жобаға 4 млрд теңге бағытталып отыр. Ел чемпионатында Түркістан облысының атынан бақ сынайтын «Тұран» футбол клубы академиясының үлкен және шағын футбол алаңдары болады. Сондай-ақ нысанда мейрамхана, мәжіліс залдары, спортшыларға арналған сауықтыру және медициналық, массаж кабинеттері мен жеке блоктар бар.
Академияда дарынды футболшыларды тәрбиелеумен қатар, оларды әлемдік футбол лигаларына шығару үшін үздік тәжірибелерді енгізуге, жаттықтырушылар мен тәлімгерлердің біліктілігін арттыруға мән беріледі.
Осы күні облыс басшысы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, мердігерлермен кездесті. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды пысықтап, жауапты тұлғаларға кешеннің ішкі дизайны бойынша тапсырмалар жүктеді. Ғимараттың жұмыстарына «Строй Сервис–7» ЖШС жауапты. Құрылысты биыл қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда. Спорт кешенінің жалпы алаңы – 1,8 гектар. Сыйымдылығы 1000 адамды құрайтын нысанның аумағы – 7 248,0 шаршы метр. Түркістан қаласындағы Б.Саттарханов көшесінде орналасқан кешен жертөлені қосқанда, 3 қабаттан тұрады. Заманауи үлгідегі ғимаратта спорт және жаттығу залдары, 8 киім ауыстыратын бөлме, жуынатын бөлмелер, конференц-зал, асхана, медициналық көмек көрсету кабинеті, күту залы, қонақтарды күту бөлмесі, жаттықтырушыларға және әкімшілік құрамға арналған бөлмелер бар. Ә.Нұрмаханов атындағы спорт мектебі осы ғимаратқа жайғаспақ. Жалпы, спорт кешенінде 76 жаттықтырушы жұмыс істейді. Мұнда спорттың 18 түрімен 1000-ға жуық бала тыңғылықты түрде шұғылдана алады. Кешенде республикалық, халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік жасалады.
Түркістан облысында 4600-ден астам спорт ғимараттары бар. Облыс орталығында жаңа халықаралық теннис орталығы, «Түркістан арена» стадионы, Мұз сарайы салынды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі