Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы бойынша МКД Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Мейрамбек Көкенов айтты.
Спикердің сөзінше, 2023 жылғы 1 қаңтарда кірістері мен мүлкі туралы декларацияны 2021 жылы жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңіне кірген және бұрын активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны ұсынған тұлғалар ұсынуды жалғастырады. Оларға мемлекеттік қызметшілер мен теңестірілген тұлғалар, банк, сақтандыру нарықтары мен бағалы қағаздар нарығының ірі қатысушылары, сондай-ақ аталған адамдардың барлығының жұбайлары жатады.
– Екінші кезеңде, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері, сондай-ақ, барлығының жұбайлары үшін декларациялау міндеттелді. Үшінші кезеңде, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ, олардың жұбайлары декларациялауға жатады. Ал төртінші кезеңде, яғни 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың қалған санаты декларацияланады, — деді Мейрамбек Байқадамұлы.
Декларацияда табыстың түрлері бойынша жеке табыс салығын (ЖТС) көрсету және есептеу қажет. Атап айтсақ:
- Мүліктік кіріс;
- ҚР-дан тыс жерлердегі көздерден алынатын кірістер;
- Салық агентінен алынбаған үй қызметкерлерінің табыстары;
4.Салық агенттері болып табылмайтын, ҚР-да аккредиттелген шет мемлекеттің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктерімен, шет мемлекеттің консулдық мекемелерімен жасалған еңбек шарттары (келісімшарттары) және (немесе) азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыскердің кірісі;
- ҚР ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстау және аудару жөніндегі міндеттемеден босатылған халықаралық және мемлекеттік ұйымдармен, шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен және қорлармен жасалған еңбек шарттары (келісімшарттары) және (немесе) азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыскердің табысы;
- Кәсіпқой медиатордың табысын қоспағанда, медиатордың кірісі;
- Жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табыс.
Табыстардың осы түрлерін кірістері мен мүлкі туралы декларацияда көрсету және олар бойынша ЖТС есептеу кезінде 240.00 нысандағы декларацияны табыс ету талап етілмейді.
Бұдан басқа, есепті салық кезеңі ішінде келесі мүлікті сатып алуға арналған шығыстарды жабу көздері туралы мәліметтерді көрсетеді:
1) Мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын жылжымайтын мүлікті, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлкі;
2) Мемлекеттік тіркеуге жататын механикалық көлік құралдары мен тіркемелері;
3) Заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлесі;
4) Бағалы қағаздар;
5) Инвестициялық алтын;
6) Туынды қаржы құралдары;
7) Тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі.
Декларацияны электрондық түрде – «Cалық төлеушінің кабинеті» арқылы (cabinet.salyk.kz) мен электрондық үкімет порталы (egov.kz), e-salyq azamat мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ, мемлекеттік кіріс органдарына, ХҚКО-ға келу тәртібімен тапсыруға болады.
Одан бөлек, декларацияны дұрыс емес немесе уақтылы ұсынбаған жағдайда салық органдары бірінші рет ескертумен шектеледі. Ескерту жасалғаннан кейін бір жыл ішінде жеке тұлға тарапынан қайталап бұзушылық болған жағдайда 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер декларацияда салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуге әкеп соқпайтын толық емес, анық емес мәліметтер қамтылатын болса, онда салық органдары да ескертумен шектеледі. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Салықтарды есептеуге әкеп соғатын салық салу объектілері жасырылған жағдайда, жасырын салық салу объектісі бойынша төленуге жататын салықтар сомасының 200 пайызы мөлшерінде және егер мұндай бұзушылық қайталанса, 300 пайыз мөлшерінде айыппұл көзделген.
Брифинг соңында спикер азаматтарды декларацияны уақытылы және дұрыс тапсыруға шақырды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі