Ленгір қалалық балалар саз мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі Маржан Керімшеева ұмыт болып бара жатқан қазақтың ортеке қуыршағын билету арқылы оқушылардың домбыраға қызығушылығын арттырып жүр. Оның оқушылары ортеке қуыршағымен байқауларға қатысып, өнерімен дараланып отырады.
Маржан Файзуллақызы арнайы жасалған тұғырға орнатылған ортеке қуыршағына жалғанған жіпті домбырашы баланың саусағына байлайды. Оқушы аспапта ойнағанда саусаққа ілінген жіп ортеке қуыршағын қимылға келтіріп, билетеді. Осылайша баланың музыкаға деген сүйіспеншілігі оянады.
– Мен оқушыларға домбыра үйретуде осы ортеке қуыршағын қолданған тиімді деп ойлаймын. Балалар қуыршақ ортеке биінің қызығына батып, мәз болып жатады. Бір қызығы, ортеке қуыршағын домбыраны ғана емес, ішекті аспаптардың барлығын қолдана отырып, билетуге болады, – дейді ұстаз.
Жалпы, Маржан Файзуллақызының 30 жылдан астам ұстаздық тәжірибесі бар. Ол Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның Сүгір атындағы ұлт-аспаптар оркестрінде де жұмыс істейді. Ленгірдегі музыка мектебінің педагогтары да, оқушылары да осы мектепте аталмыш оркестрдің әртісі сабақ беретінін мақтан етеді.
Айта кетейік, ілгеріде балаларды домбырада ойнауға қызықтыру үшін ортеке қуыршағын қолданған. Бір адам ең көп дегенде төрт ортеке қуыршағын саусағына ілінген жіп арқылы басқарып, билете алады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі