Былтыр 16-наурыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Бағдарламалар аясында кең көлемді, ауқымды бастамалар көтерілді.
Президент халыққа Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау керектігін алға тартты. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Отандық БАҚ-тың ел өңірлерінде және әлем болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Мемлекет ашық ақпарат кеңістігін қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. БАҚ өзекті мәселелерді көтере алады және көтеруі керек, бірақ мұны үлкен азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. Сырттан тапсырыс бойынша емес, көлеңкелі төлемақы үшін немесе саяси топтар үшін жұмыс істемеуі керек. БАҚ өкілдері өз елі мен оның азаматтары үшін шын жүректен алаңдауы керек», — деген болатын.
Қазіргі таңда «Масс-медиа» деп аталатын жаңа заң тұжырымдамасы қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Жобада бірқатар жаңашылдықтар бар. Мәселен журналистке берілетін «баспасөз картасы» мен ақпарат саласындағы жұмыстарды, қарама-қайшылықтарды реттеу үшін кәсіби қоғамдық кеңес құру көзделген.
Сондай-ақ, баспасөзге жазылу мен пошта қызметін субсидиялау, мемлекеттік тапсырыстарға грант енгізу мәселелері қамтылып, журналистік сұрау салу мерзімін жеті күннен бес күнге қысқарту ұсынылған. Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекстегі «Журналистің жұмысына кедергі келтіру» бабын Әкімшілік кодекске ауыстыру мәселесі қарастырылған. Осы бағытта Түркістан облысындағы журналистер арасында заң жобасын талқылау жиындары өткен болатын.
Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс.
Еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі таяуда БАҚ өкілдеріне «Баспасөз картасы» механизмін енгізу не үшін көзделіп отырғанын айтқан болатын. Министрдің пікірінше, Масс медиа туралы заң жобасында журналистің мәртебесін айқындау көзделіп отыр. Баспасөз картасы сол журналистің статусын айқындау үшін, жалпы журналист пен блогерді ажырату үшін беріледі. Бұл жаңашылдық Еуроодақтың біраз мемлекеттерінде, мысалы Түркияда біраз жылдан бері кеңінен қолданылады.
Министрлік баспасөз картасының енгізілуі журналистерге көбірек мүмкіндік беріп, олардың құқықтарын қорғайтынын жеткізуде. Яғни, баспасөз картасы арқылы журналист кез келген мемлекеттік органға міндетті түрде кіре алады, сондай-ақ карточканы көрсеткен кезде полиция митингтер кезінде немесе басқа да адамдар көп жиналатын орындарда жұмыс істегенде журналистер бірінші кезекте қорғалады. Жалпы жаңартылатын заң жобасы БАҚ өкілдері үшін маңызы зор болмақ.
Бекжігіт Сердәлі, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры, ҚР Мәдениет қайраткері