Ордабасы ауданы, Бадам ауылдық округіндегі индустриялды аймақта орналасқан ПЭТ қалдықтарын қайта өңдейтін “Grееn technology industries” ЖШС зауытының синтепон талшығын (дайын өнім) өндіретін желісі салтанатты түрде іске қосылды.
Аталған шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Нұрбек Бадырақов зауыт ұжымын құттықтап, жасыл технологияларды қолдана білген өндіріс орнының аудан экономикасын нығайтуға зор үлес қосатынын атап өтті. Сондай-ақ 50-ге тарта жаңа жұмыс орны ашылғанын, өз міндеттерін адал атқаратын бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан түрлі қолдаулардың жалғасатынын жеткізді.
Аталған зауыт 2018 жылы күзде индустриялды аймақта іске қосылған. Инвестициялық құны — 1,6 млрд.тг. Бірінші кезеңде 80 адам жұмыспен қамтылды. Жылына 15 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Өнімдердің дені Ресейге экспортталады. Алдағы уақытта өнімдерін Өзбекстанға, Қытайға жөнелту жоспарлануда.
Зауытта 2021-2022 жылдары 3 млрд-тан астам теңгенің өнімі өндірілген. Ауданға төлеген салығы да жыл санап артып отыр. Ауданда өнеркәсіп саласында тоғыз айдың қорытындысымен 21 млрд. 190 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 804 млн. теңгеге, ал нақты көлем индексі 0,3%-ға артқан.
Айта кетсек, ауданда өнеркәсіп саласында 40 кәсіпорын бар болса, оның 3-еуі — ірі кәсіпорын, 3-уі — орта кәсіпорын, 30-ы — шағын кәсіпорын, 4-уі — қосалқы кәсіпорын.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі