Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауында көтерілген басты мәселелер – қазақстандықтардың табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, халықтың өмір сүруіне қолайлы орта құруға және орта және шағын кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, ел экономикасын модернизациялауға, еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған.Ия, орта және шағын бизнесті дамыту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, отандық өнімді дамыту секілді мәселелер Президенттің қашанда назарында. Кәсіпкерлерге көрсетілген қолдаудың арқасында Түркістан қаласында өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандар көп-ақ.
Осы орайда жақында Түркістан қалалық мәслихат депутаттары отандық өнім шығаратын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктерді насихаттап, қолдау көрсету мақсатында шаһардағы шағын және орта бизнес өкілдерінің жұмысымен танысып шықты.
Қаламызда өзінің қызығушылығына қарай кәсіп ашуға ұмтылушылар саны артып келеді. Соның бірі кеңестік дәуірден бері аяқ киім шығарумен айналысып келе жатқан «Дружба» фабрикасы. Фабриканың негізін Әбдісадык Әбдіразақов қалаған. 60 жыл уақыт аралығында аталмыш фабрика түрлі құлдыраулардан өтіп, бүгінгі таңға дейін өз өнімдерін ұсынуда. Түркістан қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Асылбекұлы бастаған депутат Тәжібек Қалманұлы мен қаланың бас имамы Мұхаммеджан Ергешбайұлы, қалалық саяси кеңестің мүшесі Бақдәулет Тұрманов фабрикасының жұмысымен етене танысты.
Қазіргі таңда шеберханада ер адамдарға арналған қыстық аяқ киімдер топтамасы бар. Шеберхана қолда бар өнімді тұтынушыларға ұсынып отыр. Жалпы мұнда аяқ киімнің көптеген түрлері тігілген. Бүгінде аяқ киім тігушілердің жоқтығына байланысты өндіріс тоқтап тұр. Кәсіпкердің сөзінше жастардың қызығушылығы бұл салаға өте аз дейді. Сол себепті ауырлық пен жауапкершілікті сезіне білетін «екі қолға бір күрек» іздеп жүрген азаматтарды осы іске баулуды мақсат тұтып отырғандығын жеткізді. Қалалық мәслихат депутаттарына бұйымтайын айтқан аяқ киім шеберінің мәселесін қала әкімдігінің жұмыспен қамту бөлімінің басшысы бірлесе шешетін болды.
«Дружба» фабрикасы таза былғары өнімдерін пайдалана отырып, жоғарғы сапада таза тері өнімдермен аяқ киім шығарады. Шағын шеберхана 4 ұстаны жұмыспен қамти алады. Аяқ киімдер бағасы нарықтан әлде қайда төмен, көпшілікке қолжетімді. Мәселен, қысқы етіктер 18 мың теңге болса, кроссовкалар 13 мың теңгені құрайды. Өнімді тұтынушының бірі қаланың бас имамы Мұхаммеджан Ергешбайұлының айтуынша өнімнің сапасы жақсы, аяқ киім былғарыдан ішкі жағы қойдың жүнінен тігілген. Аяқты терлетпейді, ыңғайлы әрі сапалы дейді. Алдағы уақытта үйренуге ниетті қызығушылығы бар жастар келетін болса Әдбісадық Әбдіразақов оқу жұмыстарын толық үйрететін болады. Нәтижесінде кәсіпорынға тапсырыстар қабылданып, шикізаттарды Шымкент қаласынан, Түркия Республикасынан тасымалдауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, қалалық мәслихат депутаттары қалаға сапалы өнімімен танымал Ахметжан Динов ақсақалдың шағын шеберханасында болды. Ахмеджан ақсақал таза былғарыдан қыстық жылы мәсі шығарумен айналысады. Атакәсіп болған бұл шеберлікті қазіргі таңға дейін айналысып келеді. Өнімдерін Республиканың көптеген аймақтарына сұраныс бойынша әзірлейтіндігін айтады. Бір жұп мәсіні толық тігіп бітіру үшін екі күндік еңбегімді талап етеді дейді. Жасаған бұйымыңды ақы үшін емес ықыласыңмен алғыс алу үшін жасасаң, сол кезде өз ісіңнің қадірін аңғарасың дейді ақсақал. Отбасы мүшелеріне жалғап, үйретіп келе жатқан өз ісінің шебері балдарыныңда бұл салаға жаңашылдық алып келгенін айтады. Тарқата мәлімдейтін болсақ, ортопедиялық аяқ киім шығарумен және түрлі бел, иық, омыртқаларға арналған корсеттер мен белдеулер шығаруда. Шағын бизенстерін жетілдіру мақсатында отбасы мүшелері Өзбекстан Республикасынан аяқ киім тігу әдісін арнайы үйреніп келген. Өнімді көру арқылы кәсіптің қыр-сырын толық білетін мамандар екендігі аңғарылады. Бизнес аяқтан нық тұрып, екпінді айналым алып кетсе, кәсіптерін кеңейту жоспарларында бар екен.
Аяқ киім – халыққа қажетті өнім. Иісі де, бағасы да «бұрқырап тұрған» шетелдік өнімдерге ұрынбай, «алыстан арбаламай, жақыннан дорбалаған» жақсы.
Халық қалаулылары мұнымен тоқтамай Шамшиев Бахриддин бастаған “Marka.kz “ ЖК кәсіпорынның жұмыс барысымен танысты. Қазақстан көлемінде сұранысқа ие кәсіпорын қыш тақта желiмi, airbond сылақ, гипстi тегiстегiш, шлакаблок грунтовка праймер, сұйық травертин, фасадты суға араластыратын эмулся , лак, травертин праймер, декаративті штукатурка сынды өнімдерді шығарады. Бүгінде кәсіпорын 20-ға жуық қызметкерді жұмыспен қамтып отыр. “Marka.kz “ ЖК кәсіпорыны Қазақстанның түкпір-түкпіріне өз өнімдерін жөнелтуде. Сұранысқа ие өнімдер Қызылорда, Қарағанды, Шымкент, Астана сынды қалаларға отандық нарыққа шығып жатыр. Тиімділігі мен сапасы кем түспейтін отандық өнім әрқашан қолдауға лайық.
Келесі нысан қалада жиһаз шығарумен айналысатын “ASIA BREND” ЖК кәсіпорны болды. 2013 жыл өз жұмысын Ұйғын Абишевтің бастамасымен бастаған кәсіп орында бүгінде 250 қызметкер тұрақты түрде жұмыс жасайды. Өнімнің негізгі өндірілетін түрлері – тұрмыстық жиһаздар. Жатын бөлмеге арналған, қонақ бөлмесі, ас үй шкафы, шкафтар мен шифоньерлер, балалар гарнитурасы сияқты түрлі жиһаз түрлерін шығаруда. Мұндағы өнімнің сапасы жоғары сапалы отандық және түрік жабдықтары мен қазіргі заманғы материалдарды пайдалану арқылы өндіруде. Шикізаттың негізгі жеткізушілері – ЖК Мусаев М., ЖК Мансуров А., ЖК Сұлтанбай, ЖШҚ Кроношпан Башқұртстан Ресей, Shanghai Unisis International Development Co Ltd Қытай. Сондай-ақ, фабрика өнімдері сапа менеджменті сертификатпен расталған. Бұдан бөлек, өндіріс орны дизайнерлердің қатысуымен сенімді компоненттерді пайдалана отырып, тұтынушыға тек жоғары сапалы жиһаз ұсынуда. Аталмыш кәсіпорынның қызметкерлері шын мәнінде бірегей дизайнерлік жиһаздың керемет коллекцияларын жасап шығаруда.
Кәсіпорындағы басқару жүйесі үздіксіз жұмыс жасап келеді және ең тиімді сенімді шешімдерді шығармашылық ізденіске қабілетті. Оны жұмыс орындағы жоғарыға ілінген тақтайшалардағы жазудан аңғаруға болады. Ол жерде мынадай сөздер жазылған: “Ақылды кісіні аяла, ақымақ кісіні аяма”, “Жұмыс жасап бой түзе, өнер қуып ой түзе” “Көңілсіз жұмыс – өнімсіз”, “ Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді” сынды жазба тақтайшалары ілінген.
Қазіргі таңда “ASIA BREND” ЖК тауар белгісімен шығатын фабриканың өнімдері еліміздің бірқатар аймақтарында жиһаз дүкендерінен сатып алуға болады. Шетелдік өніммен тең сапада шығаратын отандық өнімді қолдану арқылы жеке кәсіпкерлердің істерін дамытуға үлес қосуға атсалысайық.