Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті. Елдің көкейкесті сұрақтарына жауап беріп, өңірді, ауданды дамыту бағытындағы жоспарларын айтты.
— Тарихы тереңде жатқан Арыс шаһарының өндірістік және транзиттік мүмкіндігі жоғары. Біз қаланың осы артықшылығын тиімді пайдалануымыз керек. Өздеріңіз білесіздер, апаттан кейін Арысты қалпына келтіруге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын табатын болады. Арысқа газ келді. Бұл арыстықтар үшін көптен күткен сәт. Жуырда елімізде сайлау болып, халық өз Президентін сайлады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістан облысына жасаған сапарында облысты әрі қарай дамытуды тапсырды. Осы бағытта жұмыс жүреді, — деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Тұрғындар тарапынан жылуды газ жүйесіне ауыстыру, жолдарды жөндеу, кәсіпкерлікке қолдау және өзге де мәселелерді көтерді.
Өңір басшысы сұрақтарға жауап беріп, әрбір өтініш назарға алынатынын жеткізді.
Осы сапарында облыс әкімі қаладағы әскери бөлімге барды. Стратегиялық нысанда еңбек ететін әскерилердің тұрмыс-тіршілігімен танысты. Оқ-дәрілерді залалсыздандыруға қатысты қоғам тарапынан туындайтын өзекті мәселелерді оңтайлы шешудің жолдарын қарастырды. Әскери бөлім аумағында орналасқан 13 500 шаршы метрді құрайтын ғимараттың жағдайын көрді. Жуырда ғана қала әкімдігінің меншігіне қабылданған бұл ғимаратта 250 оқушының білім алуына арналған 12 оқу кабинеті мен арнайы кітапханасы және 500 орындық акт залы бар. Нысан күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілген жағдайда Арыс қаласы тұрғындары үшін тиімділігі зор мәдениет сарайына айналады.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі