Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақовтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс болып өтті.
Аталған жиынның негізгі бөліміне көшпес бұрын аудан басшысы ауданымызда Президент сайлауының жоғары дәрежеде өткенін, дауыс берушілердің саны жағынан ауданның үздік үштіктен көрінгенін айтып, атсалысқан азаматтарға, Әділетті Қазақстан құруда белсенділік танытқан тұрғындарға шынайы алғысын білдірді.
Кейбір ауылдық округтерде салықтарды (үш түрі) өндіруде жұмыс баяу. Бұл туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева аудан бюджетінің 11 айда атқарылуы туралы баяндамасында айтты.
Бұл мәселе бойынша аудан әкімі ауыл әкімдеріне салық саласының мамандарымен тығыз байланыста бірлесіп жұмыс жасауларын, бір апта мерзімде нәтиже шығаруды тапсырды. Сондай-ақ, бөлім басшысы кейбір бөлімдер мен ауылдық округтер тарапынан қаржылардың игерілмей жатқандығын тілге тиек етті. Өз кезегінде аудан басшысы қаржы игеруде салғырттық танытқан бөлім басшыларына, ауыл әкімдеріне қатаң шара көрілетіндігін ескертті.
Аппараттық мәжілісте Бөген және Қарақұм ауылдық округтерінің әкімдері тұрғындармен болған кездесулерде олар тарапынан берілген ұсыныс-пікірлердің орындалу барысы туралы баяндама жасады.
Аудан басшысы аталған екі ауылдық округте кейбір ұсыныс-пікірлер бойынша жұмыстың баяу жүргізіліп жатқандығын сынға алып, ауыл әкімдері мен тиісті бөлім басшыларына халыққа берген уәделердің үдесінен шығу үшін талмай жұмыс істеу керектігін ескертті.
— Уәде берілді ме, ол орындалуы керек! Ауыл әкімдері әр мәселенің соңына түсіп, ол оң шешімін тапқанша тынбай жұмыс істеуге тиіссіздер! Жауапкершілікті сезініңіздер!, — деді аудан әкімі.
ОРдабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі