Қазақстан Республикасы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру іс-шаралар жоспарының 7-тармағында көрсетілген іс шараларды жүзеге асыру бойынша 25-қараша күні Түркістан облысы прокуратурасының ұйымдастырумен «Діни қатынастар саласындағы радикалды идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыру» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді.
Семинар-тренинг мақсаты: «Дін саласындағы облыстық ақпараттық түсіндіру тобы мүшелерінің, ДДА жақтастарымен жұмыс жүргізетін дінтанушы-теологтардың біліктілігін көтеру».
Семинарды Түркістан облысы прокурорының орынбасары – Нұрғали Жомарт Нұрғалиұлы ашып, семинар-тренинг жұмысына сәттілік тіледі.
Іс-шараға білікті республикалық деңгейдегі тәжірибелі теолог-дінтанушылар: «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің доценті, PhD доктор, исламтанушы Исахан Мұхан Баймұратұлының «ҚР діни экстремизммен күресудің сатылы жүйесі, әдіс-тәсілдері және құқықтық негіздерін дамыту проблемалары» баяндамасында негізгі мәселелер талданып, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті «Теология» факультетінің деканы, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Кенжетай Досай Тұрсынбайұлының «Рухани кемелдік және Иасауи методологиясы» тақырыбындағы баяндамасы жан-жақты талдаулар арқылы тақырып аясын ашты. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті «Әлем тілдері және дінтану кафедрасының» аға оқытушысы, дінтанушы Бесбаев Мәди Әбзелбекұлының «Ұлттық идеология отбасынан басталады» атты баяндамасында қоғамдық институттар мен мемлкеттік уәкілетті органдардың қызметі мен құзіреті түсіндірілді.
Семинарға Түркістан облысының прокуратурасы басшылары мен өкілдері, Түркістан облыстық дін істері басқармасының қызметкерлері, қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары мен дін саласына жауапты мамандары, қала, аудандық АТТ мүшелері, ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкілдігі, қала, аудан имамдары, Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы-теологтары және БАҚ өкілдері қатысты.