Бүгін Сайрам ауданында БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылды. Журналистер аудандағы бірнеше нысанның жұмысымен танысты.
Атап айтқанда Ақсукент, Манкент, Жібек жолы ауыл округтерінде құрылысы жүріп жатқан ішкі жолдары мен «Манкент медицина орталығының» құрылысына, «Зәуре» жылыжай шаруашылығына барды.
Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Ш.Убайдуллаевтың айтуынша, биыл аудан бюджетінен және «Ауыл — ел тірегі» бағдарламасы аясында ауданда 12 ішкі жолдардың жөндеу жұмысы аяқталған. Сондай-ақ Ақсукент, Манкент, Жібек жолы ауыл округттерінің түйіскен 13 шақырымдық жолы кеңейтіліп, күрделі жөндеуден өткізілді.
Пресс-тур шеңберінде күніне 250 адамға дейін қызмет көрсететін «Манкент медицина орталығының» тыныс-тіршілігі таныстырылды. Жоба құны — 1 млрд теңге. Онда 120-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Емханада қабылдау, клиникалық диагностикалық және сәулелі диагностикалық бөлімдері бар. Бұдан бөлек, терапия, хирургия, реанимация және қарқынды ем, ота бөлімі, физиотерапия және реабилитация бөлімдері ашылған.
Журналистер аялдаған келесі нысан — Ақсукент ауылындағы 6 гектарлық «Зәуре» жылыжай кешені. Бүгінде өнеркәсіптік жылыжай құрылысы толық аяқталып, желтоқсанда іске қосылмақ. Онда 90 адамға жаңа жұмыс орны ашылмақ. Шаруашылық басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаевтың айтуынша, көшеттер желтоқсан айының соңында отырғызылады. Басты жоспарда жылыжайға қызанақтар егіп, жылына 2 000 тонна өнім алу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Қарабұлақ ауылдық округіндегі Темірді қайта өңдеу цехының жұмысымен танысу барысында орталықтың 40 адамды жұмыспен қамтып отырғандығы айтылды. 2020 жылдың желтоқсан айында өз жұмысын бастаған цехтың құрылысына жеке инвестициядан 20 млн теңге жұмсалған.
Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен бой көтерген Арыс ауылдық округі әкімі аппаратының жаңа әкімшілік ғимараты таныстырылды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі