Бүгінде Шардара ауданында 5 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Аталған кәсіпорындар 420 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, зауыттар жылына 5 600 тонна балық өнімдерін өңдеп, 5,5 млрд. теңгенің өнімін экспорттайды. Бұл туралы Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай брифингте мәлімдеді.
Сондай-ақ, балық өндірісі бойынша сырттан тасымалданатын шикізатқа тәуелділікті азайту, өнімділікті артыру мақсатында биыл құны 380 млн. теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асқан. 2023 жылы жылына 1 700 тонна балық өнімдерін өндіретін 13 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Жоба құны — 1 млрд 710 млн. теңге.
— Биылғы 10 айда өнеркәсіп өнім көлемі 12 млрд. 196,6 млн. теңгеге жетті. Ал өңірге тартылған инвестиция көлемі 18 млрд. 178,8 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 26,1%-ға өсіп отыр. Сондай-ақ, Шардара ауданында есепті кезеңде 56 млрд 828 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді, — деді Қайрат Жолдыбайұлы.
Инфрақұрыммен қамту бойынша аудандағы 25 елдімекеннің 10-ы және Шардара қаласының 3 шағын ауданы, яғни аудан тұрғындарының 55,4% табиғи газбен қамтамасыз етілген. 2023 жылы тұрғындарын табиғи газбен толық қамту жоспарланып отыр.
Автомобиль жолдары саласында биыл жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, Шардара қаласындағы 21,2 шақырымды құрайтын 29 көшеге орта жөндеу және тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жұмыстардың нәтижесінде аудан бойынша қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі жыл соңына дейін 76,9%-ға жетпек.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі