Ұстамдылық – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Мұндай мінездің иесін кез келген орта ұнатады. Алайда ұстамдылықты ұяңдықпен шатастырмауымыз керек. Бар болғаны өзгелерді жайсыз сезімге қалдырмау үшін орнымен сөйлеп, ақылмен жұмыс жасағанымыз жөн. Ұстамдылық, шыдамдылық, сабырлылықпен қатар жүреді. Сынаққа сабыр бөлек түсінік болғанымен, сол сабыр етуге ұстамдылық таныту бірегей мағыналас, қатарлас жүреді.
Ұстамдылық көбіне адамға келген сынақ кезінде таңдау еркіне беріледі. Қазақстан халқының басым бөлігі өздерін діндарлар қатарына жатқызатындығы жайлы статистикалық мәліметтер жетерлік. Дегенмен, дін ұстанушылардың сапасы мен діни біліктілігі жайлы нақты мәліметтер жоқ. Ал, бұл дін ұстанушылардың бәрі бірдей діни сауатты деу әлі ерте екендігін білдіреді. Сондықтан тәуелсіздікке бірнеше жыл өтсе де, діни сауаттылық және діндарлық мәселесі өзекті бола бермек. Осы тұста отандық және шетелдік зерттеушілер тарапынан діндарларды екі топқа бөлетіндігін ескерген жөн. Олар: діншілдік және діндарлық. Алғашқы топқа жататындар – көбіне сыртқы көрініске аса мән беретін және діни сауаты төмен дін ұстанушылар. Бұл топтағы адамдар әдетте дінге «маусымдық» іс-шаралар мен топтық әрекеттің нәтижесінде келген. Мысалы, 2000-жылдардың алғашқы он жылдығында елде дінге бет бұрғандардың саны күрт көбейді. Дәл осы тұста Қазақстанда дәстүрлі және дәстүрлі емес уағызшылардың белсенділігі артты. Сонымен қатар, діни әдебиеттердің, оның ішінде аудио және видеоматериалдардың таралымы да жаңа технологиялардың қолжетімділігі арқасында арта түсті. Нәтижесінде құлшылық үйіне баратын және діни рәсімдерге қатысатын жастардың қарасы көбейді. Ақпарат беттеріндегі дінге қатысты жаңалықтар мен отандық зерттеушілердің тұжырымдарына сүйенсек, бұл үрдіс шамамен 2014 жылдарға дейін жалғасты. Сарапшылар осы кезеңнен бастап діншілдер санының азаятындығын келтірді. Өйткені, дінге «маусымдық» құбылыспен келген сенушілер діни өмірді ұзақ уақыт ұстануға қабілеті төмен. Осы тұста діншіл сенушілердің сипаттамасын аздап келтіре кетсек:
– діннің сыртқы формасына аса мән береді және ішкі мазмұнына үңілмейді;
– дінді барынша қатаң ұстануға тырысады, бірақ діншілдіктің бұл сипаты кейде өзгеруі де мүмкін. Әсіресе, өзге достарымен бірге дінге бет бұрған жастар қасындағы жолдастарымен қосылып дінді ұжымдық әрі көңілді объект ретінде қабылдайды. Нәтижесінде кейін діннен көп адамдардың кетіп жатқандығын байқағанда ол да жолдастарымен бірге бағытын өзгерте салады;
– дінге қатысты мәселелерде төзімсіздік танытады.
Сондықтан қарсы тараппен кикілжіңге түсу ықтималдылығы жоғары. Оның көрінісін құлшылық үйлеріндегі дін қызметкерлерімен сөз таластырып, шу шығарып жүрген діншілдерден көруге болады. Діншілдіктің дәл осы кері әсері сенушіні діни өмірден алыстатады. Күнделікті пікір қақтығыстары мен төзімсіздік оның діни сенімі мен діннің асли құндылықтарын игеруге мүмкіндік бермейді. Дінді өзге адамдардың да өзі секілді түсінуін қалайды. Алайда, уақыт өте келе бұл сезім азаяды. Діни сезімі мен эмоциялар кемиді. Осы тұста діншілдің дінді ұстануы мен ұстанбауы жайлы шешім қабылдау үрдісі жүреді. Оның мысалын, жастар арасында жиі айтылатын тіркес «намазын тастапты», яғни діни рәсім орындауды тоқтатыпты деген сөз арқылы байқауға болады.
Жалпы, осыған ұқсас үрдістерді көптеген дінге бет бұрған адамдар басынан өткізеді. Алайды, соңғы бөлігіне келгенде сенуші өзінің соншалықты діндар емес екендігін түсінеді. Уақыт өте келе оған діни өмірдің маңызы азая түседі. Бұрынғы құлшылыққа және діни өмірге деген қызығушылығын «иманы әлсіреу» тіркесімен сипаттайды. Алайда, дінге бет бұрған адамдардың бірқатары бұл сыннан сүрінбей өтіп, діни өмірді өзінің өмірлік ұстанымы ретінде икемдей алады. Ал, кейбірі бұл сыннан сүрініп, өз деңгейін діншілдіктен асыра алмайды. Ал, діншілдік өз кезегінде адам бойында діни сенімнің ұзақ уақыт тұрақтауына кері ықпал етеді.
Зайырлы елдің құндылықтары мен ондағы діннің даму ерекшелігін ескерсек, діншіл адам мұнда жиі пікір қақтығысына ұшырайды. Ал, өз кезегінде бұл діншілдің радикалды топтарға қосылу ықтималдылығының жоғары екендігін көрсетеді. Сенушілердің келесі тобы – діндарлар. Бұл топқа жататын дін ұстанушылардың көбі жоғарыдағы үрдістерді басынан кешірген немесе бірден діни сауаты жоғары топтың арасына түсіп, дін құндылықтарын бойына сіңіріп үлгергендер. Жоғарыда айтып өткендей, дінге маусымдық көңіл күймен келіп, діни білімін арттырып, дер кезінде діни құндылықтарды игерген сенушілер кейін діндарлар арасына қосылады.
Мысалы, 2010-жылдары барша жұрттың назары дінге ауып жатқан «маусымда» дінге бет бұрған сенушілердің бірқатары осы күнге дейін діни өмір салтын ұстанады. Олар он жылдан астам уақыт дін қағидаттарын өз өмірінде қолданып келеді және оны зайырлылық ұстанымдарына қарсы қоймайды. Нәтижесінде оның күнделікті тіршілігінде дін ұстану үшін ешқандай кедергілер туындамайды. Осы тұста қазіргі кездегі діндарлардың кейбір ерекшеліктерін атап өтсек:
– дінді байсалдылықпен, аса құрметпен қабылдайды. Сәйкесінше, дін туралы білімін жетілдіріп отырады;
– діннің сыртқы көрінісінен гөрі ішкі мазмұнына көбірек мән береді. Діннің адамгершілік қасиеттеріне және өмірде кездесетін қиын сәттерде күш беретін тұстарын жақсы игереді;
– өзі өмір сүретін ортаның ерекшеліктеріне мән береді.
Әсіресе, зайырлы елдің құндылықтары мен қағидаттарын құрметтейді. Өзінің діни сенімі мен қоғамдық ұстанымдардың қайшылыққа түсуінің алдын алуға тырысады;
– дінді меншіктеуден алыс, өзгеге өзі ұстанатын дінді мәжбүрлеуден аулақ. Өйткені, қоғамның әр мүшесінің әралуан екендігін біледі. Сарапшылар діндар адамдар діншілдерге қарағанда әлдеқайда ұзақ уақыт дінге берік болатындығын тұжырымдайды. Әсіресе, өмірдің сынақты сәттерінде кейбір діншілдер діннен бас тартуы мүмкін. Сонымен қатар, дін сенушінің әрбір ісіне араласатын ережелерден тұратындықтан адамның әр күнгі ерік жігерінің жоғарылығы мен қырағылығын талап етеді. Алайда, пенденің қырағылығы әрқашан жоғары бола бермегендіктен бірде болмаса бірде діни өмір салтын тастап қою ықтималдылығы бар. Әсіресе, бұл діншілдерде жиі кездеседі. Мұны мұсылман ғұламалары «нәпсіге ауыр тию» деген тіркеспен білдіреді. Жалпы, екі топтағы дін ұстанушыларды салыстыра келе діншілдердің қоғамдық өмір мен зайырлылық ұстанымына және діни құндылықтардың дамуына кері тұстары бар екендігі айқындалды. Сонымен қатар, діншіл адамның бойына діни құндылықтар сіңбегендіктен, діннен алыстау ықтималдылығы да жоғары. Ал, діндарлардың байсалдылығы діни құндылықтар мен зайырлы елдің құндылықтарын бірдей игеруге мүмкіндік бермек. Сондықтан дін ұстанып жүрген әркімнің байсалды діндарлық жолын таңдағаны абзал.
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ дінтанушы-теолог маманы Б.Өтеген